16 қазан күні Е. Жайсаңбаев атындағы орта мектепте ата-аналардың қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті.
Кездесуге Қапал ауылдық округі әкімінің аппаратының мамандары, учаскелік полиция инспекторы, мектеп әкімшілігі қатысты.
🔹 Кездесудің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылау.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, келесі мәселелер талқыланды:
▪️ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу;
▪️ кәмелетке толмағандардың автокөлік құралдарын, мотоциклдерді, скутерлерді және өзге де мототехниканы заңсыз басқаруына жол бермеу;
▪️ жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу;
▪️ жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спорттық секцияларға, мәдени және қоғамдық іс-шараларға тарту; ▪️ буллингтің, кибербуллингтің, қорқыту мен күш көрсету әрекеттерінің алдын алу;
▪️ балалардың зиянды әдеттерге, құқық бұзушылықтарға және өзге де қауіпті әрекеттерге тартылуына жол бермеу;
▪️ кәмелетке толмағандардың мектептегі және мектептен тыс ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мектеп әкімшілігі тарапынан білім беру ұйымына тыйым салынған заттарды әкелуге жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берілді. Атап айтқанда, мектептегі қауіпсіздік талаптарын сақтау, оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мектептің ішкі тәртіп қағидаларын сақтау және ықтимал қауіптердің алдын алу шаралары қарастырылды.
Ата-аналарға балаларының өмірі мен қауіпсіздігіне күнделікті назар аудару, олардың кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін бақылау, интернетті қауіпсіз пайдалануына жағдай жасау және баламен тұрақты сенімді қарым-қатынас орнату қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу қорытындысы бойынша мектеп, ата-аналар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік! Әрбір баланың қауіпсіз ортада білім алып, тәрбиеленуі және жан-жақты дамуы үшін қоғам болып бірлесе әрекет етуіміз қажет.









