Республика күні қарсаңында Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде 18 отбасы жаңа екі қабатты тұрғын үйден пәтер кілттерін алды. Жаңа қоныс иелері қатарында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бар.

Баспанаға ие болғандардың арасында жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ толық емес және көпбалалы отбасылар бар.

Барлық пәтердің ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, орталық инженерлік желілерге қосылған. Бұл тұрғындарға жаңа баспаналарына бірден қоныстанып, тұрмысын жайластыруға мүмкіндік береді.

Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов жаңа қоныс иелерін қуанышты оқиғамен құттықтады.
— Бүгін біз 18 пәтердің кілтін табыстадық. Бұл — тұрғын үй мәселесін шешу және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру жолындағы маңызды қадам. Әр отбасы үшін баспана — ертеңгі күнге деген сенім, тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Үйлеріңізден әрдайым тыныштық, татулық пен береке кетпесін, ал балалардың шат күлкісі әр күндеріңізге қуаныш сыйласын! Біз алдағы уақытта да ауданның абаттандырылуы мен дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға күш саламыз, - деді аудан әкімі.

Жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі Ақтоғай ауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болып, халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырудағы тағы бір қадамға айналды.

Фото: Ақтоғай ауданы әкімдігі









