Қарағандыдағы № 2 арнайы мектеп-интернат өзінің 60 жылдық мерейтойын «Мектепке – 60 жыл: дәстүр мен болашақ» атты фестивальмен атап өтті. Алпыс жыл ішінде білім ордасы полиомиелиттен кейінгі асқынулары бар балаларға арналған мектептен тәрбиеленушілердің қабілетін шыңдап, қоғамға бейімделуіне және өз алдына дербес өмір сүруіне жол ашатын білім беру орталығына айналды.

Бүгінде мұнда 149 бала білім алады. Алдағы уақытта түзете-дамыту көмегін жетілдіру, кәсіби дағдыларды қалыптастыру және түлектердің мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Мектеп 1966 жылы ашылған. Қазір мұнда қозғалысы шектеулі балалардың білім алуына, ғимарат ішінде кедергісіз жүріп-тұруына және күнделікті өмірге бейімделуіне қажетті жағдай жасалған.
— Мектеп-интернат көп жылдан бері Қарағанды облысында арнайы білім беруді дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Әр тәрбиеленушінің жетістігінің артында педагогтердің қажырлы еңбегі, сабыры мен мейірімі тұр. Ұстаздардың қолдауы балалардың бойындағы қабілетті ашуға, өз бетінше әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне көмектеседі, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары Дархан Жиенбаев.

Соңғы жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, түзете-дамыту жұмыстарына арналған мүмкіндіктері кеңейді. Мұнда логопед кабинеті, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеті, сондай-ақ сенсорлық интеграция мен нейрокоммуникацияға арналған «Импульс» студиясы жұмыс істейді.

— Ең бастысы — балаларды дербес өмірге даярлау. Асүйде электр құрылғыларын дұрыс пайдалануды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйретеміз. Шағын дүкенде қажетті тауарды таңдап, ақысын төлеуді меңгереді. Ал шаштаразда қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытамыз. Бала өзіне қандай қызмет қажет екенін түсіндіріп айта білуі керек, — деді мұғалім Дариға Байжігітова.

Білім ордасында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға және спортқа қызығушылығын арттыруға да баса мән беріледі. 12-сынып оқушысы Мәди Балтабаевтың айтуынша, мектептегі әр бала өзінің қызығушылығына сай іспен айналысады.
— Аналар, әкелер және әжелер клубының мүшелерімен бірге «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар» атты макет жасадық. Шахмат ойнағанды да жақсы көремін. Бірақ қазір бар назарымды оқуға аударып жүрмін. Биыл бітіруші сыныпта оқимын, ҰБТ тапсырамын, — дейді Мәди.

Өткен оқу жылынан бастап мектепте жалпы орта білім беру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Енді оқушылар 11 және 12-сыныптарда білімін жалғастырып, орта білім туралы аттестат ала алады. Бұл олардың жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік береді.

Мектепте экологиялық білім беруге де көңіл бөлінеді. Экологиялық станцияда зерттеу және тәжірибелік жобалар жүзеге асырылып, оқу орнының аумағында экологиялық орталық жұмыс істейді. Алдағы уақытта тігін шеберханасының негізінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған арнайы кеңістік ашу жоспарланып отыр.

— Біз түзете-дамыту ортасын одан әрі жетілдіріп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуді, кәсіби бағдар беру мен практикалық даярлықты дамытуды көздеп отырмыз. Басты міндетіміз — түлектердің өз бетінше өмір сүруіне қажетті дағдыларды меңгеруіне және қоғамға бейімделуіне көмектесу. Сонымен қатар тәрбиеленушілердің отбасыларымен, білім беру ұйымдарымен, жұмыс берушілермен және әлеуметтік қызметтермен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отырмыз, — деді № 2 арнайы мектеп-интернатының директоры Эльмира Амандықова.

Мерейтой аясында «Білім мен мейірім мекені» атты фотогалерея ашылып, «Ата-ананың қолдауы – балаға қамқорлық» көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ педагогтердің әдістемелік әзірлемелері мен оқушылардың шығармашылық жұмыстары таныстырылып, «Силуэт» көлеңкелі театрының экспозициясы ұсынылды.

Қонақтарға қыш бұйымдарын жасау, сенсорлық интеграция, нейротүзету, бейімдік дене шынықтыру және оңалту бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Қолданылатын заманауи технологиялардың бірі — баланың қимылына жауап беріп, қозғалысын әуенмен сүйемелдейтін интерактивті еден.

Мерейтой соңында бірқатар педагог білім басқармасы басшысының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.










