Қарағандылық оқушы Амина Бәжікейева Қазақстан мен Ресей президенттеріне адам ағзасының жағдайын датчиктер мен жасанды интеллект арқылы бақылауға мүмкіндік беретін жасанды жүрек жасау арманын айтып берді. Оның бұл идеяға келуіне отбасындағы жағдай себеп болған: немере інісі Сәлім туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келген. Амина биомедицина саласын зерттеп, болашақта осындай диагнозы бар адамдарға көмектесуді мақсат етеді. Бұл арманға бастар жол мектептегі робототехника үйірмесінен басталған.

«Мұрагер» мектебінің 10-сынып оқушысы халықаралық AI Journey 2026 конференциясына Мәскеуге кездейсоқ шақырылған жоқ. Амина робототехникамен небәрі үш жылдан бері айналысып келеді. Соған қарамастан, командасымен бірге айтарлықтай жетістіктерге жеткен.
Алғашқы жарыс маусымында команда Алматы облысының чемпионы атанып, кейін Орталық Азия чемпионатында жеңіске жетті. Осылайша, олар Хьюстон қаласында өткен әлемдік кезеңге жолдама алды. Онда да оқушылар жүлдеге ие болды. 2026 жылы команда Орталық Азия чемпионатында тағы да топ жарып, АҚШ-та өткен FIRST World Championship әлем чемпионатында робототехника қауымдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін Sustain Award марапатына ие болды.

– Мәскеудегі халықаралық конференцияға шақырту алғанымды 17 қарашада білдім. Сол сәттегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын, тіпті естіген құлағыма өзім сенбедім. Сонымен қатар бұл менің өмірімдегі қаншалықты жауапты әрі маңызды оқиға екенін, жобамды дамытуға жақсы бастама болатынын түсіндім. Робототехника – менің шынайы құмарлығым. Онымен тәулік бойы айналыссам да шаршамаймын. Өйткені күн сайын жаңа нәрсе үйренудің өзі маған ерекше қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта медицина тарихын тереңірек зерттеп, ауқымды ғылыми ізденіс жүргізгім келеді. Осы салаға жан-жақты үңіліп, міндетті түрде кәсіби мамандардың пікірін білуді жоспарлап отырмын. Мен үшін жобаны армандап қана қою аз, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын түсіну маңызды, – дейді Амина Бәжікейева.
Амина жаңа технологиялар ең алдымен адамға нақты пайдасын тигізуі керек деп санайды.
«Мұрагер» мектебінде Аминаны нағыз көшбасшы деп бағалайды. Оны мақсаткерлігі мен жауапкершілігі үшін құрметтейді. Ол – оқу озаты, сынып старостасы, мектептегі іс-шаралардың жиі жүргізушісі. Сонымен қатар командасымен бірге ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға робототехникадан шеберлік сабақтарын өткізіп, қайырымдылық жобаларына да қатысқан.
Фото akorda.kz
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









