Қарағандыда көлік қозғалысын басқарудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр

    Қарағандыда көлік ағынын реттеп, жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа тәсіл әзірге 7-ші магистральда сынақтан өтуде.

    Қарағандыда көлік қозғалысын басқарудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр

    Қарағанды облысы әкімдігінде өткен кеңесте Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, жасанды интеллект бағдаршамдар мен бейнебақылау камералары арқылы алынған көлік ағыны туралы деректерді біріктіріп, жолдағы жағдайды реттейді.

    – Камералар әр жолақтағы көлік санын есептейді. Нейрожелі қозғалыс қарқындылығы мен бағдаршамдардың қолданыстағы жұмыс режимдерін талдап, жолдың әр учаскесіне арналған оңтайлы параметрлерді ұсынады, – деді Константин Ильницкий.

    Қарағандыда көлік қозғалысын басқарудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр

    Пилоттық жоба үшін Терешкова көшесінен Стартовый тұйық көшесіне дейінгі 7-ші магистраль учаскесі таңдалған. Бұл аралықта алты бағдаршам нысаны орналасқан. Енді олар қарбалас уақытта көліктердің шамадан тыс жиналуын азайту үшін өзара үйлестіріліп жұмыс істейді.

    Цифрлық модельдеу нәтижесі бұл учаскедегі кептелістің негізгі себептерінің бірі бағдаршамдардың өзара үйлесімсіз жұмыс істеуі екенін көрсеткен. Мәселен, Камская көшесімен қиылыстағы бағдаршам мен ХМК ауданындағы реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінің арасы небәрі 81 метр болғанымен, екеуі әртүрлі режимде жұмыс істейді. Соның салдарынан жүргізушілер қысқа ғана жол бөлігінде екі рет тоқтауға мәжбүр.

    Жаңа жүйе осы мәселені шешуге бағытталған. Мамандардың есебінше, таңертең солтүстік бағытта қозғалған көліктердің тоқтау саны орта есеппен үштен бірге дейін азаюы мүмкін. Ал Карл Маркс көшесінен шығатын жүргізушілердің басым бөлігі қиылыстан екі рет жасыл шамды күтпей-ақ, бір сигналмен өте алады.

    Қарағандыда көлік қозғалысын басқарудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр

    Бағдаршамдардың жаңа жұмыс режимі жұмыс күндері қарбалас уақытта, яғни таңғы сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі 16:30-дан 19:30-ға дейін қолданылады. Қалған уақытта, соның ішінде демалыс күндері де, қозғалыс тәртібі бұрынғыдай сақталады.

    – Біздің міндетіміз – цифрлық технологияларды тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге пайдалану. Оның нәтижесі компьютер экранынан ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінен де көрінуі керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

    Қазір мамандар жасанды интеллект ұсынған шешімдерді тікелей жол жағдайында сынап жатыр. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін оның нақты нәтижелері бағаланады.

    Мамандардың болжамынша, бағдаршамдардың жұмысын үйлестіру қарбалас уақытта көліктердің орташа кідіріс уақытын шамамен 40 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

    Қазіргі уақытта Қарағандыдағы жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған. Оның оны бейімделмелі режимде жұмыс істейді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары