Алматыда дәрігерлер туа біткен сирек әрі ауыр даму кемістігі бар үш айлық сәбидің өмірін сақтап қалды. Нәрестенің ішектері, көкбауыры, тіпті сол жақ бүйрегі де кеуде қуысына өтіп, өкпесін қысып, тыныс алуын қиындатқан. Балалар хирургтарының кәсіби шеберлігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерінің арқасында өміріне қауіп төндірген патологияны аз инвазивті әдіспен жою мүмкін болды.
Күрделі операцияны Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының мамандары жүргізді.
Тексеру барысында нәрестеге туа біткен диафрагмалық жарық диагнозы қойылды. Бұл – диафрагмадағы кемістік арқылы іш қуысының ішкі ағзаларының кеуде қуысына өтуімен сипатталатын патология. Баланың жағдайы сол жақ өкпенің толық дамымауымен де асқынған.
Патологияның ауырлығына және пациенттің өте кішкентай жасына қарамастан, хирургтар торакоскопия әдісін – аз инвазивті хирургиялық араласуды қолданды.
Кеуде қуысына жасалған шағын тіліктер арқылы мамандар ішкі ағзаларды қалыпты орнына қайтарып, диафрагманың тұтастығын қалпына келтірді. Кемістік жойылғаннан кейін сол жақ өкпе жазылып, қалыпты жағдайға келді.
«Мұндай жастағы пациентке торакоскопиялық операция жасау аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап етеді. Біз ағзаларды анатомиялық дұрыс орнына қайтарып қана қоймай, кеуде қуысы құрылымдарының қалыпты орналасуын да қалпына келтіре алдық», – деді операцияға тікелей қатысқан аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаптағаев.
Операцияның сәтті нәтижесіне балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтардың және аурухананың басқа да мамандарының жоғары кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді.
«Біз хирургияның түрлі бағыттарын жүйелі түрде дамытып, заманауи технологияларды енгізіп, кішкентай пациенттерге жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге ұмтыламыз», – деп атап өтті аурухана директоры Марат Рабандияров.
Операциядан кейін бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында болды. Кешенді емнің нәтижесінде мамандар оның жағдайында тұрақты оң динамикаға қол жеткізді.
Сәбидің жағдайы тұрақтанды. Қазір ол үйіне шығарылып, жақындарының жанында.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








