ЖЫЛЫНА 7 МЫҢҒА ДЕЙІН ОПЕРАЦИЯ: ҚАРАҒАНДЫДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ПАЦИЕНТТЕРДІ ЕМДЕУ МҮМКІНДІГІ КЕҢЕЙЕДІҚарағандыда облыстық онкология орталығының жаңа хирургиялық корпусының құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда жылына 7 мыңға дейін операция жасау жоспарланып отыр. Заманауи бөлімшенің ашылуы онкологиялық аурулары бар пациенттерге өз өңірінде жоғары технологиялық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Соңғы мәліметтер бойынша, нысанның құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі 93%-ды құрайды. Жоба мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен жүзеге асырылуда.
Аумағы 5,3 мың шаршы метр болатын төрт қабатты жаңа корпуста 7 заманауи операциялық зал, 15 төсектік реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі, сондай-ақ орталық стерилизация бөлімшесі орналасады.
Жаңа корпустың ерекшеліктерінің бірі – интеллектуалды операциялық зал. Оның жабдықтары күрделі хирургиялық араласулардың әртүрлі түрлеріне бейімделуге мүмкіндік береді.
Қарқынды терапияны қажет ететін пациенттер үшін өмірлік маңызды көрсеткіштерді тәулік бойы бақылауға арналған заманауи мониторинг жүйесі қарастырылған. Операциялық залдардағы арнайы ауа тазарту жүйесі хирургиялық араласулар кезінде қосымша қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етеді.
Жаңа корпустың ашылуы операциялар санын арттыруға, күрделі онкологиялық ауруларды емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қарағанды облысының тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба еліміздің медициналық инфрақұрылымын жаңғырту, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









