Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Сапаровтың төрағалығымен зейнетақы және тұрғын үй даулары бойынша әкімшілік істерді қарау тәжірибесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылауға СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары, сондай-ақ облыстық полиция департаменті мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бейінді қызметтерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Олардың қатарында жеке құраммен жұмыс істеу, заң және қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына жауапты бөлімшелердің өкілдері болды. Кездесуге қатысушылар ішкі істер органдары қызметкерлері мен зейнеткерлерін әлеуметтік, зейнетақы және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты заңнаманы қолданудың өзекті мәселелерін қарастырды. Судьялардың баяндамаларын тыңдап, даулы мәселелерді жан-жақты талқылады және заң нормаларын түсіндіру бойынша ортақ ұстанымдарды қалыптастырды. Мұндай ведомствоаралық кездесулер сала мамандарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңнаманы қолдану кезіндегі қателіктерді азайтуға және құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын сенімді қорғауға ықпал етеді.









