Өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті

    1 / 12

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында Аягөз ауданындағы «Айдарлы» тау-кен байыту комбинаты құрылысының іске асырылу барысы мен өзекті мәселелері қаралды.

    «Aidarly Mining» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба жылына 75 млн тонна кен өңдеуді, 1,1 млн тонна мыс концентратын және 7 500 тонна молибден концентратын шығаруды көздейді. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге, Абай облысының жергілікті бюджетіне 30 млрд теңге салық түсімдері түседі деп күтіліп отыр. Мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерін қосқанда 3000-нан астам жұмыс орны құрылады.

    Қазіргі уақытта «Айдарлы» кен орнында геологиялық барлау, инженерлік-геологиялық және инженерлік-геодезиялық зерттеулер жүргізілуде. Минералдық ресурстар мен қорларды бағалау жөніндегі техникалық есеп дайындалып, байыту фабрикасының, қалдық шаруашылығы мен инфрақұрылым нысандарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

    Отырыста жобаның іске асырылу барысы, шешуді қажет ететін мәселелер туралы «Aidarly Mining» ЖШС-нің директоры Ерғали Батталов, жоба аясында көрсетілетін қолдау бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндады.

    Аймақ басшысы бұл жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, инвестициялық жобаны іске асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту және инвесторларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.

    «Бүгінгі отырыс барысында Үкіметтің инвестициялар тарту кеңесі отырысының хаттамасында берілген тапсырмаларды орындау шеңберінде жобаны іске асыру кезінде туындаған мәселелерді және оларды шешу жолдарын жан жақты қарастырдық. Жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Инвесторды тарту – жұмыстың бір бөлігі ғана. Негізгі міндет – оның жобасының толық іске асырылуын қамтамасыз ету. Сондықтан жауапты органдар инвестормен тікелей жұмыс жүргізіп, өз құзыреті шегіндегі мәселелерді уақтылы шешуі қажет. Инвесторды бір мемлекеттік органнан екіншісіне жіберуге, мәселелерді негізсіз созуға және жауапкершілікті өзара ауыстыруға жол берілмейді. Жобаның жүзеге асырылу барысын тұрақты түрде қадағалап отырамын», – деді Берік Уәли.

    Айта кетейік, Аягөз ауданындағы «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсімі биылғы 22 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен болатын.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары