Бүгін, 15 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларынан құралған техникалық миссия өкілдерімен кездесті. Жиында өңірдің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту, «Үстірт: мәдени ландшафттар және аңшылық тұзақтар - арандар» аралас мұра нысанын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге дайындық жұмыстары және тарихи ескерткіштерді сақтау мәселелері талқыланды.
Жиында археолог, ҚР Ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі мәдени мұра сарапшысы Дмитрий Воякин аталған номинацияны әзірлеу барысына тоқталып, оның тарихи-мәдени және табиғи мұраны халықаралық деңгейде танытудағы маңызын атап өтті.
Сарапшының айтуынша, номинация мәдени және табиғи мұраны біртұтас нысан ретінде қамтитындықтан, оны әзірлеу күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Мұндай номинацияны дайындау посткеңестік кеңістікте алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Осыған байланысты халықаралық сарапшылардың техникалық миссиясы Үстірт аумағында далалық зерттеулер жүргізді. Миссия барысында нысанның табиғи және мәдени құрамдас бөліктері, оларды қорғау мәселелері және номинацияны одан әрі әзірлеу қадамдары талқыланды.
Арандар - Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасындағы бірегей нысандардың бірі. Олар ежелгі дәуірден бастап аңшылық мақсатта пайдаланылған. Маңғыстау облысының аумағында 800-ден астам аран бар. Олардың бір бөлігі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Сарапшылар арандардың тарихи қызметін тереңірек зерделеу қажеттігін де атап өтті. Атап айтқанда, археологиялық эксперименттер арқылы ежелгі аңшылық тұзақтарының қалай пайдаланылғанын ғылыми тұрғыда қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұл зерттеулер арандардың ерекшеліктерін түсінуге және олардың мәдени-тарихи құндылығын халықаралық деңгейде негіздеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта өңірдегі 601 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тарихи мұраны сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмыстарының маңызын атап өтті.
-Аталған жұмыстар еліміз үшін де, өңіріміз үшін де аса маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастырып, алдағы уақытта да тиісті жұмыстарды жоспарлы түрде ұйымдастыратын боламыз, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Маңғыстаудағы бес жерасты мешіті - Бекет ата (Оғыланды), Шопан ата, Сұлтан Үпі, Қараман ата және Шақпақ ата «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындары» атауымен Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









