«Мейірім жәрмеңкесі»: Ақтауда ізгілік пен рухани құндылықтарды дәріптеген ауқымды жоба ұйымдастырылды

    1 / 10

    28 қараша күні Ақтауда Қазақстан Халық кеңесінің бастамасымен ізгілік, рухани құндылықтар мен қоғамдық жауапкершілікті дәріптеуге бағытталған ауқымды «Мейірім жәрмеңкесі» жобасы ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі,Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, өңір тұрғындары, жастар, дәрігерлер, сарапшылар мен түрлі сала мамандары қатысты.

    Танымдық әрі мәдени-ағартушылық бағыттағы жобаның негізгі мақсаты - қоғамда мейірімділік, жанашырлық, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау.

    Жәрмеңке аясында «Зиялы қауым - зияткер ұлт» тақырыбында форум өтті.

    Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов төрағалық етті. Ол өз сөзінде «Мейірім жәрмеңкесі» жобасының тұрғындар арасында мейірімділік пен ізгілік құндылықтарын кеңінен насихаттап, қоғамдағы өзара сыйластық пен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

    -Форумның негізгі мақсаты - мейірімділікті насихаттау, сондай-ақ тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту және жақсарту. Шара барысында зиялы қауым өкілдерінің тағылымды әңгімелерін тыңдап, психологтар мен түрлі сала мамандарынан ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар. Бүгінгі форум қала және облыс тұрғындарына арналып отыр. Іс-шара күні бойы жалғасады. Кешкі уақытта да келіп, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алуға немесе спикерлердің пайдалы әңгімелерін тыңдауға болады. Болашақта бұл шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге алғашқы қадам ретінде осы форматты сынақтан өткіземіз. Егер форум тұрғындардың көңілінен шығып, қолдау тапса, алдағы уақытта осындай форматтағы шараларды тұрақты түрде ұйымдастыратын боламыз, - деді Бекмұрат Жүсіпов.

    Форумда сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы Мемлекет басшысы айқындаған қоғамдық құндылықтардың маңыздылығына тоқталып, «Мейірім жәрмеңкесі» жобасының өңір үшін тағылымдық мәнін атап өтті.

    -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құру жолында рухани құндылықтарды дәріптеуге, «Еңбек адамы» ұғымы мен «Адал азамат» тұжырымдамасын орнықтыруға, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Кітап оқитын ұлт» жобасы арқылы қоғамда өзара қолдау, жауапкершілік пен жанашырлықты нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Маңғыстау өңірінен бастау алып отырған «Мейірім жәрмеңкесі» жобасының мақсаты да - осы құндылықтарға үн қосу. Зиялы қауым қай кезеңде де ұлттың рухани темірқазығы, қоғамның ақыл-ойы мен ар-ожданы болып келеді. Халқымыздың бірлігін бекемдеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет дәстүрін жаңғыртуда, жас ұрпаққа мейірімділік пен өнегелі тәрбие беруде сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Біз үшін аға буынның батасы мен өмірлік тәжірибесі – қашанда басты бағдар. Осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына жанашырлық пен отансүйгіштік рухын сіңіреміз, - деді Тілек Жеткізгенұлы.

    Форум барысында қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Өмірзақ Озғанбайұлы «Зиялы қауымның тарихи жауапкершілігі», еңбек ардагері Тоқтарбай Балықбайұлы «Қариясы бар елдің - қазынасы бар», мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Қоғамдық этика және әлеуметтік желі мәдениеті» тақырыптарында баяндама жасады.

    Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Дүйсенбай «Ізгілік пен мейірім - кемел қоғамның негізі» тақырыбында ой қозғады. Руханият шырақшысы Орынжан Әбдіжаппаров «Кие мен кепиет» тақырыбын тарқатса, өлкетанушы Нұрболат Нұржігітұлы «Әке тағылымы» туралы тағылымды пікір білдірді.

    Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.
    «Мейірім жәрмеңкесі» аясында тұрғындарға арналған танымдық, мәдени, әлеуметтік және кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, креативті өнімдер жәрмеңкесі, музей көрмесі, «Қазақстандықтар таңдаған 100 кітап» көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Сен жалғыз емессің!» жобасы аясында азаматтарға психологиялық және құқықтық кеңес берілді.

    «Мейірім кеңістігі» атты құқықтық, рухани және медициналық кеңес беру алаңында теологтар, медиаторлар, репродуктологтар мен дәрігерлер, дағдарыс орталығы және отбасын қолдау орталығының мамандары тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, кәсіби кеңестер ұсынды.

    Қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытында «Мейірім - саналы қоғам негізі» тақырыбында тәуелділіктен арылудың профилактикасына арналған интерактивті тренинг өткізілді.

    Рухани-танымдық бағытта «Жасампаз ұлт - жаңашылдыққа ұмтылыс, дәстүр мен таным» кездесуі, «Кітап оқитын ұлт» пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды. Ал «Ана - шаңырақ шырағы» атты кездесуде қыз-келіншектер мен жас аналарға арналған практикалық кеңестер берілді.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары