Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес, аталған Қағидалардың 15-қосымшасында «Сырттай проактивті куәландыру (қайта куәландыру) жүргізілетін нозологиялық нысандардың тізбесі» айқындалған.
Осы тізбеге сәйкес, сырттай куәландырудан төмендегі аурулар мен жағдайлары бар адамдар өте алады:
* онкологиялық аурулар;
* туберкулез;
* цереброваскулярлық аурулар;
* психикалық аурулар;
* Лериш синдромы;
* аяқ-қолдардың ампутациясы;
* созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі;
* қан аурулары;
* Даун синдромы;
* балалардағы қант диабеті;
* аутизм;
* туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар;
* ауыр сатыдағы бауыр циррозы;
* Паркинсонизмнің V сатысы;
* қант диабетінің салдарынан туындаған асқынулар, оның ішінде аяқ-қолдардың ампутациясы;
* жұлын жарақаты салдарынан жұлынның толық анатомиялық үзілуі;
* медициналық-әлеуметтік сараптамаға алғаш рет жолданған кезде ағзаларды (жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі) трансплантациялаудан кейінгі жағдай;
* балалардағы мукополисахаридоз;
* алапес ауруы;
* балалардың церебралды сал ауруының ауыр түрлері;
* гидроцефалия, оның ішінде шунт орнатылғаннан кейінгі жағдай.
Осылайша, сырттай проактивті куәландыру азаматтардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту рәсімін жеңілдетуге және олардың қажеттіліктеріне сәйкес мемлекеттік қолдау алуына бағытталған.








