Сирек металдар мен жаңа технологиялар: ШҚО-да ғылыми-зерттеу институты ашылды

    1 / 10

    Жақында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина Астанада Мемлекет басшысына оқу орны базасында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде Шығыс Қазақстан облысында Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институтының ресми ашылу рәсімі өтіп, оның жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Салтанатты іс-шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

    Жаңа институт өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуға, тау-кен металлургия саласына қажетті технологияларды әзірлеуге және минералдық шикізатты терең өңдеу бағытындағы зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді. Оның құрылуы Шығыс Қазақстанда сирек жер металдары саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

    Институттың негізгі міндеттерінің бірі - критикалық материалдар мен сирек металдарды өңдеудің заманауи тәсілдерін зерттеу, өндірістік процестердің тиімділігін арттыру және экологиялық тұрғыдан орнықты металлургия шешімдерін әзірлеу. Сонымен қатар мұнда техногендік қалдықтарды қайта өңдеу, озық материалдар жасау және тау-кен металлургия кешенін цифрландыру бағыттары қамтылады. Зерттеулерде жасанды интеллект пен математикалық модельдеу мүмкіндіктерін қолдануға да басымдық беріледі.

    Шара барысында институттың жаңа ғимаратының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Болашақта мұнда зерттеу жұмыстарын жүргізуге, заманауи технологияларды сынақтан өткізуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға қажетті жағдай жасалады.

    Шығыс Қазақстан облысының әкімі өз сөзінде өңірдің өндірістік әлеуетін ғылыми зерттеулермен ұштастырудың маңызына тоқталды.

    «Шығыс Қазақстан - еліміздің тау-кен металлургия саласының жетекші орталықтарының бірі. Облыста қуатты өндірістік база мен жоғары ғылыми әлеует қалыптасқан. Бүгінде ғылыми әзірлемелердің нақты өндірісте қолданылып, өнеркәсіптің сұранысына жауап беруі маңызды. Жаңа институттың басты міндеттерінің бірі - минералдық шикізатты өңдеудің заманауи технологияларын әзірлеу және өндіріске енгізу. Ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің бірлескен жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге және өңірдің критикалық әрі сирек металдар саласындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

    Аймақта ғылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың ауқымы да артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығын 12 млрд теңгеден асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республикада бесінші орынға ие.

    Жобаның маңызды бөлігі - халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту. Қазақстан мен Бельгияның ғылыми-білім беру ұйымдары арасындағы байланыс аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен KU Leuven университетінің Тұрақты металдар мен минералдар институты арасында бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру мәселесі қарастырылуда. Мұндай серіктестік озық ғылыми тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және халықаралық ғылыми құзыреттерді өңірге тартуға жол ашады.

    «Қазақстан-Бельгия ректорлар форумында ШҚТУ атынан сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Екі мемлекеттің басшыларын, академиялық қауымдастық өкілдерін, ғылым мен технология саласының мамандарын біріктірген бұл кездесуге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың қатысуы форумға айрықша мән беріп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетті. Өз баяндамамда ШҚТУ-дың ұстанымын таныстырдым: жасанды интеллект инженердің нақты жұмыс құралына айналуға тиіс. Біздің AI+X моделіміз осы қағидаға негізделген. Мұндағы X - көлік машинажасау, металлургия және аса маңызды материалдар», - деді ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.

    Институттың ашылуы Шығыс Қазақстанның ғылым мен жоғары технологиялар саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, инженерлік және ғылыми кадрлар даярлау ісіне де серпін береді. Ал жаңа ғимараттың құрылысы осы бағыттағы зерттеу инфрақұрылымын дамытуға негіз болмақ.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары