«Позитивті жастар»: Алматыда бірінші курс студенттерін қабылдау рәсімі технология, шығармашылық және ұлттық құндылықтарды біріктірді

    1 / 6

    Алматыда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) бірінші курс студенттерін салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Биылғы іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған құндылықтарды дәріптейтін «Позитивті жастар» ұранымен ұйымдастырылды. Мерекенің басты ерекшелігі – туризм, спорт, цифрландыру және мәдениет салаларындағы еліміздің жетістіктеріне арналған төрт факультет арасындағы шығармашылық байқау болды.

    KazGASA Freshman Welcome Ceremony атты ауқымды салтанатты іс-шара Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы заманауи технологияларды меңгеруге, Қазақстанды дамытуға және тың идеялар ұсынуға дайын белсенді, білімді әрі жауапты жас ұрпақтың бейнесін қалыптастыруға арналды.

    Салтанатты рәсімнің ең жарқын сәттерінің бірі ҚазБСҚА-ның төрт факультеті арасындағы шығармашылық байқау болды. Дәстүрлі таныстырылымдардың орнына бірінші курс студенттері Қазақстанның жетістіктерін әзіл, сахналық қойылымдар және ақпарат ұсынудың заманауи тәсілдері арқылы ойын форматында көрсетті. Әр команда ел дамуы мен жастарға ашылып жатқан мүмкіндіктерге қатысты өзіндік көзқарасын таныстырды.

    Бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек құттықтады. Ол өз сөзінде Президенттің «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамалары аясында азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың, ұлттық құндылықтарды құрметтеудің және туған қалаға жанашырлық танытудың маңыздылығын атап өтті.

    «Бүгін сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басып отырсыздар. Бұл кезеңде болашақ мамандықтарыңыз туралы ғана емес, қала мен елдің дамуына қосатын үлестеріңіз туралы да ойлану маңызды. Президенттің «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамалары бізді адал, жауапты және қоғамға бейжай қарамайтын азамат болуға үндейді. Алматы – баршамыздың ортақ үйіміз, сондықтан оған қамқорлық жасау әрқайсымыздың күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл бағытқа қала әкімі Дархан Сатыбалды ерекше көңіл бөліп, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және жасампаздық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларын қолдап келеді. Қалаға деген жанашырлық қарапайым әрекеттерден – тазалықты сақтаудан, айналадағы адамдарды құрметтеуден және қоғамдық тәртіпті ұстанудан басталады. Алматыны біреудің жақсартуын күтпеңіздер. Өздеріңізден бастаңыздар, тың идеялар ұсынып, қалалық жобаларға белсенді қатысыңыздар. Өйткені болашақ Алматыны қалыптастыратын – сіздер», – деді Азиз Кажденбек.

    Сондай-ақ ол студенттерді экологиялық және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және алған білімдерін қала игілігіне жұмсауға шақырды.

    Салтанатты іс-шараға Халықаралық білім беру корпорациясы Байқау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов, ҚазБСҚА ректоры Бақтияр Сабденалиев, бизнес өкілдері, шетелдік қонақтар және академия түлектері қатысты. Құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында ҚазБСҚА түлегі, BI Group дивизионының директоры Диас Әділханов болды.

    Бағдарлама аясында шетелдік студенттерді қарсы алу рәсімі, бірінші курс студенттерінің салтанатты ант беруі, шығармашылық ұжымдар мен музыкалық топтардың өнер көрсетуі ұйымдастырылды. Факультеттер арасындағы байқау мен My Campus Planet жобасының жеңімпаздары сахна төрінде марапатталып, мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

    Аталған іс-шара студенттік өмірдің басталуын атап өтумен қатар, жастардың шығармашылық әлеуетін, технологиялық сауаттылығын және Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын көрсететін маңызды алаңға айналды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы" жаңалықтары