«Заң мен тәртіп» іс жүзінде: Алматыда 30 мыңнан астам жас профилактикалық іс-шаралармен қамтылды

    1 / 3

    Алматыда жыл басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 260-тан астам іс-шара өткізілді
    Алматыда 2026 жылдың басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 260-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 30 мыңнан астам жас және профессорлық-оқытушылық құрамның 500-ден астам өкілі қатысты. Бұл туралы 15 қазанда Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университетінде өткен «Заң мен тәртіп» қоғамдық форумында айтылды.
    Форумға 400-ге жуық студент пен белсенді жастар, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа, есірткі қылмысына, буллингке және заңсыз қаржылық схемаларға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
    Форумда сөз сөйлеген Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиев құқықтық мәдениетті қалыптастыру әрбір адамның өз іс-әрекетіне саналы көзқарас танытуынан және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінен басталуы тиіс екенін атап өтті.
    «Бүгінде Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 770 мыңға жуық жас тұрады. Қаламыз – еліміздегі ең ірі студенттік орталықтардың бірі. Сондықтан жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың бойында заңға деген құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру аса маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – заңды сақтау қалыпты мінез-құлық нормасына, жауапкершілік әр адамның жеке ұстанымына, ал қауіпсіздік баршамызға ортақ құндылыққа айналған қоғам құру», – деді Мирас Нысаналиев.
    Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері ұйымдастырылған 260-тан астам іс-шараның 150-ден астамы жастар комьюнити-орталықтарында, ал 110-нан астамы жоғары оқу орындарында өткізілген.
    Жастар көп шоғырланатын орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізуге ерекше назар аударылды. Аудандық полиция басқармаларымен бірлесіп тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Есепті кезеңде 155-тен астам нысан тексеріліп, 65-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
    Басқарма өкілдерінің айтуынша, атқарылған жұмыстың негізгі бағыты құқық бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алу болды.
    «Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, олардың алдын алу, жастарға заң талаптары мен жеке жауапкершіліктің маңызын түсіндіру. Бүгінде көптеген қауіп-қатер цифрлық кеңістікке ауысты. Интернет-алаяқтық, заңсыз қаржылық схемалар, әлеуметтік желілер арқылы есірткі тарату және жастарды заңға қайшы әрекеттерге тарту мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Сондықтан құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды талабы», – деді басқарма басшысының орынбасары.
    Форум барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған жастар жобаларының нәтижелері де таныстырылды.
    Атап айтқанда, Алматы қаласы Полиция департаментімен бірлесіп, «Наркостоп» жобасы аясында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесулер мен акциялар өткізілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Azamat» жобасы іске асырылды.
    Алатау ауданында 400-ден астам белсенді жасты біріктірген сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік фронт-офис жұмысын жалғастырды. Ал Жетісу ауданында студенттер мен жас заңгерлерден құралған «Әділет» жастар қозғалысы өз қызметін жүзеге асырды.
    Сонымен қатар алматылық жастардың өз бастамаларына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, «Жастар қатысатын бюджет» жобасы аясында жастар «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған бастама ұсынды. Аталған жоба 230 дауыс жинап, қолдау тапқан ұсыныстардың қатарына енді.
    «Жастардың өздері ұсынған бастамалардың маңызы ерекше. Бұл олардың қауіпсіздік мәселелерін талқылауға ғана емес, құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған нақты іс-әрекеттерге де мүдделі екенін көрсетеді. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз», – деп атап өтті Мирас Нысаналиев.
    Форумдағы талқылауға Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Дулат Білдебаев, Алмалы ауданы прокуратурасының аға прокуроры Әсел Әбдікәрімова, Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Дәурен Көбеев, сондай-ақ «Әділет» жастар қозғалысының төрағасы Ерболат Тұрлан қатысты.
    Құқық қорғау органдарының өкілдері құқықтық жауапкершілік, қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндады. Әсіресе жастардың күнделікті өмірде және цифрлық ортада кездесетін қауіп-қатерлеріне ерекше назар аударылды.
    Форум соңында ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Студенттер мемлекеттік органдардың өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылады және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бастамаларын ұсынды.
    Қатысушылар қалада қауіпсіз орта қалыптастыру және алматылық жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері мен жастар ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы" жаңалықтары