Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференциясы басталды. Ғылыми жиынның ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. 14-15 қазанда өтетін конференция түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге, Алтай өңірінің түркі өркениетіндегі орнын айқындауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға арналған.
Биылғы конференция Бүкілодақтық түркітанушылардың І съезінің 100 жылдығы мен В.В. Радловтың Орхон экспедициясының 135 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Халықаралық жиынға Қазақстанның әр өңірінен және Түркия, Моңғолия, Жапония, Германия, Мажарстан, Қытай, Малайзия, Ресей мен басқа да елдерден 200-ден астам ғалым, зерттеуші және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.
«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі, сан ғасырлық тарих пен өркениеттің тоғысқан мекені. Өңіріміздегі Берел, Елеке сазы және Ақбауыр сияқты бірегей археологиялық ескерткіштер - бай тарихымыздың айқын дәлелі. Оларды зерттеу арқылы ежелгі өркениеттердің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы құнды деректерге қол жеткізудеміз. Облыста археологиялық зерттеулерді қолдау, тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы конференция тың ғылыми жаңалықтарға, бірлескен жобалар мен нәтижелі халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады деп сенемін!», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пленарлық отырыста Алтайдың тарихи-мәдени мұрасы, ежелгі түркі тайпаларының тарихы, Шығыс Қазақстанның Шыңғыс хан мен Алтын Орда тарихындағы орны, көне түркі ескерткіштері және түркітанудағы заманауи зерттеу тәсілдері талқыланды.
Конференция аясында алты ғылыми бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті. Қатысушылар археология, түркі халықтарының рухани мұрасы, көшпелі мәдениет, тарихты оқытудың заманауи әдістері, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ қатысушылар назарына «Ұлы Дала алтыны» тарихи-археологиялық көрмесі мен «Тамыры терең Алтай – түркі жұртының негізі» атты кітап көрмесі ұсынылды. Ал 15 қазанда ғалымдарға арналған ғылыми-танымдық экскурсия ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» конференциясы тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы байланысты нығайтуға әрі түркі өркениетінің ортақ құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік берді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









