Осы аптада «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыс орталығында Риддер қаласының мәдени күндері өтеді. Бағдарламада тарихи жәдігерлер көрмесі, жергілікті өндірушілердің өнімдері, оқушылардың инновациялық жобалары және гала-концерт ұсынылады.
16 ақпанда сағат 17:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында басталатын көрме Риддердің тарихы мен дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастырады. Келушілерді интерактивті робот қарсы алып, экспозицияда сирек кездесетін басылымдар, голограммалар, көне техникалық құрылғылар мен жергілікті шеберлердің бұйымдары ұсынылады. «Чемодандағы Риддер» инсталляциясы қала ерекшеліктерін тың форматта таныстыруға мүмкіндік береді.
Көрменің бір бөлігі өңірдің табиғи байлығына арналмақ. Қонақтар дәрілік шөптермен, сирек кездесетін өсімдіктермен, шырғанақтың әртүрлі сұрыптарымен және табиғи шикізаттан жасалған өнімдермен таныса алады. Ал ұлттық нақышта безендірілген микросхемалардан жасалған әшекейлер дәстүр мен технологияның үйлесімін көрсетеді.
Оқушылардың инновациялық жобаларына ерекше назар аударылады. Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицей оқушылары экология, медицина және тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталған өз әзірлемелерін ұсынады.
Кешкі сағат 18:00-де гала-концерт бастау алады. Шығармашылық қойылымдар мен заманауи сахналық шешімдерге негізделген бағдарламада микрофондарды сахнаға жеткізу үшін дрондар қолданылып, концертті қазақ және орыс тілдерінде жасанды интеллект жүргізеді. Сондай-ақ көрерменге Риддер туралы білімін тексеруге мүмкіндік беретін интерактивті QR-викторина ұсынылады.
Ал келесі күні таңертең «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында риддерлік шаруагерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









