Шығыс Қазақстан облысының орталығында қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Қос мақсатты тіректер» жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа құрылғылар көше жарығын қамтамасыз етумен қатар, мобильді байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қала дамыған сайын тұрғындар үшін сапалы мобильді байланыс пен заманауи инфрақұрылымның маңызы арта түсті. Осы қажеттілікті ескере отырып, Өскеменде жарықтандыру жүйесі мен телекоммуникациялық жабдықтарды бір құрылымға біріктіретін жаңа жоба қолға алынды.
Қос мақсатты тіректердің басты ерекшелігі - бір мезгілде екі міндетті атқаруында. Олар көшелерді жарықтандыруға және мобильді байланыс операторларының қажетті жабдықтарын орналастыруға арналған. Бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды тиімді ұйымдастырып, қала кеңістігін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Жобаны ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы мен Beeline операторы бірлесе іске асыруда. Өскеменде барлығы 9 қос мақсатты тірек орнату жоспарланған. Оның екеуі Белинский көшесі, 37а және Бажов көшесі, 534/1 мекенжайларында орнатылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тіректер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қалған 7 тірек бойынша жұмыстар жалғасуда, оларды алдағы уақытта іске қосу көзделген.
Жобаның маңызы - байланыс сапасын жақсартумен қатар, қаланың сәулеттік келбетін сақтауында. Телекоммуникациялық жабдықтарды қолданыстағы инфрақұрылыммен үйлестіре орналастыру қосымша құрылымдардың санын оңтайландыруға және қалалық кеңістікті тиімді пайдалануға жол ашады.
Қос мақсатты тіректерді орнату - Өскеменнің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты қадам. Мұндай заманауи шешімдер қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға, байланыс желілерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге және қалалық инфрақұрылымды жаңа талаптарға бейімдеуге ықпал етеді.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









