Медициналық көмектің қолжетімділігі қаралды
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек шалғай аумақтардағы медициналық көмектің ұйымдастырылу барысын көріп, бірқатар медициналық нысандардың жұмысымен танысты.
Аралау барысында Қоңыртөбе медициналық пункті, Шайқорық дәрігерлік амбулаториясы, Ш.Ниязбеков атындағы фельдшерлік-акушерлік пункті және Шөлдала аумағындағы медициналық нысандардың жұмысы қаралды. Негізгі назар тұрғындардың медициналық ұйымдарға тіркелуі, қызмет көрсету аумақтарын нақтылау және шалғай елді мекендерге медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру мәселелеріне аударылды.
Аталған жұмыстар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 27 тамыздағы №95 бұйрығына сәйкес басқарма жанынан құрылған комиссияның жұмысы аясында жүргізілуде. Комиссияның алғашқы кезеңі аяқталып, қазіргі таңда қызмет көрсету аумақтарын нақтылау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, шалғай аумақтарға жедел медициналық көмектің уақытылы жетуін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Осы бағытта қалада төртінші жедел жәрдем қосалқы станциясын ашу мүмкіндігі зерделеніп, оған қолайлы орын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жасалынып жатқан жұмыстардың мақсаты – медициналық қызмет көрсетуді аумақтың ерекшелігі мен тұрғындардың қажеттілігіне қарай ұйымдастырып, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру.









