Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтында «Цифрлық дәуірдегі кітап оқу мәдениеті: ЖИ, әлеуметтік желі және зерделі ұлт» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, цифрлық технологияларды саналы пайдаланудың маңызын түсіндіру және студенттердің зияткерлік әлеуетін дамыту.
Кездесу барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жасанды интеллект пен әлеуметтік желілердің қазіргі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ білімді әрі зерделі ұрпақ тәрбиелеудегі кітаптың маңызы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, кітап оқудың тұлғалық дамуға, сыни ойлау қабілетіне және дүниетанымның кеңеюіне ықпалы туралы ой бөлісті.
Кездесу бағдарламасы тақырыптық пікір алмасумен, көркем оқылыммен және «Жасырын кітаптар» интеллектуалды ойынымен жалғасты. Зияткерлік ойын «Кітап оқитын ұлт» марафонының «Кітап оқитын университет» бағыты аясында ұсынылған 15 кітап бойынша ұйымдастырылды. Студенттер өз білімдері мен тапқырлықтарын сынап, белсенділік танытты. Ойын қорытындысы бойынша дұрыс жауап беріп, ерекше белсенділік көрсеткен қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, университетте «Отбасы хрестоматиясы» және «Qasymkitap» баспаларының ұйымдастыруымен кітап жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде «Кітап оқитын университет» бағыты аясында бірқатар кітап ұсынылып, студенттерге әдебиеттермен танысуға және өздеріне қажетті кітаптарды таңдауға мүмкіндік берілді.
Кездесу аясында университеттің «Оқы» және «Өріс әдеби» клубтарының жұмысы да таныстырылды. Клуб мүшелері студенттерді бірлесіп кітап оқуға, шығармаларды талқылауға және оқылған туындыларға сыни тұрғыдан қарауға шақырды. Алдағы уақытта марафон аясында ұсынылған кітаптар бойынша тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Мұндай талқылаулар барысында студенттер шығармалардың мазмұнын саралап, кейіпкерлердің әрекеттеріне баға беріп, олардың орнында болған жағдайда қандай шешім қабылдар еді деген сауалдар төңірегінде пікір алмасады.
Іс-шара студенттердің кітап оқуға деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың зияткерлік дамуына, өзара пікір алмасуына және әдебиетке деген қызығушылығын нығайтуға бағытталды.









