Хромтау ауданында Ұстаздар күніне орай «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі!» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Мерекелік кешке білім беру саласының ардагерлері, мектеп мұғалімдері, балабақша педагогтері, білім беру ұйымдарының басшылары мен сала үздіктері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі әрі білікті азамат болып қалыптасуындағы еңбегін атап өтті. Сондай-ақ шараға арнайы келген Ақтөбе облысының білім басқармасының бас маманы Жайнагүл Ракишева ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Шара барысында 40 ардагер ұстазға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Сондай-ақ білім беру саласының дамуына үлес қосып, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ақтөбе облысының білім басқармасының және аудан әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Ұстаздарға арналған әндер шырқалып, әсерлі музыкалық және би қойылымдары ұсынылды.
Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды тұлға. Сондықтан ұстаз еңбегін ұлықтау – қоғамның ортақ міндеті.







