Астанада 2026-2027 оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге арналған экосағаттар әр айдың үшінші аптасында өткізіледі. Жаңа бастама аясындағы алғашқы сабақ 14 қыркүйекте «Су – Қазақстанның байлығы: бағала, қорға, сақта!» тақырыбымен өтіп, оған елорданың барлық орта білім беру ұйымдарынан 300 мыңға жуық оқушы қатысты. Эко сағаттар балалардың табиғи ресурстарды үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мектептерде білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Эко сағаттар», «Таза Қазақстан» акциялары, сенбіліктер, көгалдандыру жұмыстары, экологиялық челлендждер, зерттеу жобалары мен байқаулар өткізіледі. Оқушыларға суды, электр энергиясын және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны ластамау, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық жасау бойынша түсіндіру және практикалық жұмыстар жүргізіледі.
Су ресурстарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. AQUA LAB жобасы аясында оқушылар суды үнемдеу жолдарын зерттеп, тәжірибелер жүргізеді, мектептегі су тұтыну деңгейін бақылап, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған өз ұсыныстарын әзірлейді. Сонымен қатар экологиялық экскурсиялар, мамандармен кездесулер, жобалар мен шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылады.
Экосағат барысында білім алушылар үшін судың адам өміріндегі, табиғаттағы және қоғам дамуындағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Оқушылар су ресурстарының шектеулі екенін, суды тиімді пайдалану қажеттігін және әр адамның су қорын сақтауға қосатын үлесі бар екенін талқылады.
Сабақтарда «Суды не үшін үнемдеу қажет?», «Күнделікті өмірде суды қалай аз жұмсауға болады?», «Су ресурстарын қорғауға мен қандай үлес қоса аламын?» деген сұрақтар төңірегінде пікір алмасып, білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған тапсырмалар орындалды.
Бұл ретте эко сағаттың басты мақсаты – білім алушыға табиғатты қорғау туралы ақпарат беру ғана емес, экологиялық білімді нақты әрекетке айналдыру.
Эко сағаттарды сапалы әрі бірізді өткізу үшін білім беру ұйымдарына арнайы «Су сандығы» әдістемелік ресурстар кешені ұсынылды.
Оның құрамына тақырыптық сабақ жоспарлары, арнайы әзірленген бейнематериалдар, ақпараттық және көрнекі ресурстар енгізілді. Бұл материалдар педагогтерге эко сағаттарды ұйымдастыруда әдістемелік қолдау көрсетіп, тақырыпты білім алушылардың жас ерекшелігіне сәйкес мазмұнды түрде ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бейнематериалдарды пайдалану білім алушылардың назарын шынайы экологиялық мәселелерге аударып, теориялық ақпаратты күнделікті өмірдегі нақты мысалдармен байланыстыруға жағдай жасайды.
Экологиялық тәрбие бір реттік акциямен шектелмейді. Ол баланың күнделікті әдетінен, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасынан және өз әрекетінің салдарын түсінуінен қалыптасады.
Сондықтан Астанадағы эко сағаттар жүйесінің негізгі идеясы – «экология туралы айту» емес, «экологиялық тұрғыдан әрекет етуге үйрету».
Алдағы уақытта әр айдың үшінші аптасында өтетін эко сағаттар аясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «Таза Қазақстан» құндылықтарын күнделікті өмірде жүзеге асыруға бағытталған түрлі тақырыптар қамтылатын болады.
Табиғатты қорғау – болашақ туралы ойлаудан басталады. Ал болашаққа жауапкершілік баланың бүгінгі әрекетінен қалыптасады.
«ҚАМҚОР» жобасы білім алушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық, қайырымдылық, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталады. Жоба аясында білім алушылардың қоғамға, отбасыға, қарт адамдарға, балаларға, ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауын қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жоба шеңберінде қайырымдылық акциялары, волонтерлік бастамалар, әлеуметтік қолдау шаралары, қарт адамдарға көмек көрсету, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, экологиялық акциялар, мектеп және аумақты абаттандыру, жануарларға қамқорлық жасау сияқты жұмыстар жүзеге асырылады. Білім алушылар әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған шағын әлеуметтік жобалар мен бастамаларды әзірлеп, іске асыруға қатысады.
Сонымен қатар, білім алушылардың волонтерлік мәдениетін дамытуға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына, өзара сыйластық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ерекше мән беріледі. Әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында білім алушылардың жас ерекшеліктері, қызығушылықтары мен мүмкіндіктері ескеріледі.
Жобаны іске асыруға директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, сынып жетекшілері, мектеп парламенті, волонтерлік клуб жетекшісі, химия және биология пәндерінің мұғалімдері тартылады. Олар білім алушылардың әлеуметтік бастамаларын қолдап, жобаларды жоспарлау, ұйымдастыру және қорытындылау жұмыстарын үйлестіреді.









