Хромтау төрінде қазақтың күй өнері ұлықталып, ұлттық мәдени мұраны дәріптеген тағылымды өнер додасы өтті. Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына және күй өнерінің көрнекті өкілі Беркімбаев Ермекбай Қалжанұлының арнайы жүлдесіне арналған ІІІ аймақтық «Күй күмбірі» байқауы өз мәресіне жетті.
Өнер додасына Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әр өңірінен жас күйшілер қатысып, дәстүрлі күй орындаушылықтағы шеберліктерін ортаға салды.
Байқаудың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов күйдің қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
«Қазақ халқы үшін күйдің орны ерекше. Күй – жай ғана әуен емес. Ол – халқымыздың тарихы, тағдыры, қуанышы мен мұңы. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір күйде ұлттық рухымыз бар. Биылғы байқаудың ұлы күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына және күй өнерінің көрнекті өкілі Беркімбаев Ермекбай Қалжанұлының арнайы жүлдесіне арналуының өзіндік мәні бар. Екі біртуар күйшінің өнегелі жолын сабақтастыра отырып, бүгінгі жас орындаушыларға ұлттық өнердің қадірін жеткізу – байқаудың басты құндылықтарының бірі», – деді аудан әкімі.
Байқау барысында қатысушылар дәстүрлі күй өнерінің түрлі мектептерін насихаттап, ұлттық мұраны жаңғыртуға өз үлестерін қосты. Әр орындаушының өнері кәсіби мамандар тарапынан бағаланып, үздіктер анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Ахмедияр Марғұлан, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы;
І орын – Тлеген Саят, Атырау облысы;
ІІ орын – Рзалиев Ислам, Орал қаласы;
ІІІ орын – Арынғазы Амангелді, Хромтау ауданы;
ІІІ орын – Серіков Асылбек, Ойыл ауданы.
«Көрермендер көзайымы» номинациясы – Жарылқасынова Әлиянұр, Шалқар ауданы.
Жүлдегерлермен қатар, байқауға қатысқан барлық жас өнерпаздарға арнайы дипломдар мен сертификаттар табысталды.
Шара барысында қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерді ұлықтауға, күй өнерін насихаттауға және жас таланттардың шығармашылық жолына қолдау көрсетуге атсалысып жүрген азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ Беркімбаев Ермекбай Қалжанұлының қоры атынан бірқатар арнайы номинациялар табысталды.
Хромтау төріндегі «Күй күмбірі» байқауы жас күйшілердің өнерін шыңдап қана қоймай, қазақтың қасиетті домбырасы мен күй өнерінің қадірін тағы бір мәрте айшықтады.
Күй күмбірі үзілмесін, ұлттық өнердің мерейі үстем болсын!







