Астанада «Қаржылық мониторинг агенттігінен цифрлық қауіпсіздік сабақтары» форумы өтті. Жиында қатысушыларға алаяқтардың ең көп қолданатын схемалары түсіндірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Форумда қарапайым дәрістердің орнына нақты мысалдар, таныстырылымдар мен интерактивті тапсырмалар ұсынылды. Іс-шара ашық микрофон форматында өтті. Қатысушылар мамандарға сұрақ қойып, күмәнді жағдайларды талқылап, тақырыптық викторина барысында өз білімдерін тексере алды. Мұндай интерактивті формат цифрлық қауіптерді күрделі терминдерсіз, күнделікті өмірмен байланыстыра отырып түсіндіруге мүмкіндік берді.
Форумды Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі және Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға 1500-ден астам студент қатысты. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері және танымал медиа тұлғалар да қосылды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі дипфейктер болды. Бұл – жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген суреттер, бейнежазбалар мен аудиожазбалар. Мұндай жалған материалдар арқылы таныс адамның, танымал тұлғаның немесе тіпті ұйым басшысының бет-бейнесі мен даусын қолдан жасауға болады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай алаяқтықтың қауіптілігі – қылмыскерлер нейрондық желілердің техникалық мүмкіндіктерін ғана емес, адамдардың эмоциясын да пайдаланады. Мысалы, адам танысынан шұғыл ақша аударуды сұраған бейнехабарлама алуы немесе қиын жағдайға тап болған туысының даусын естуі мүмкін. Мұндай кезде үрейге бой алдырып, алдаудың белгісін байқамай қалу оңай.
CitizenSec компаниясының қаржылық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Гүлдана Жұматай мен Қаржылық мониторинг агенттігінің офицері Гүлзия Қарсыбай цифрлық алаяқтықтың заманауи тәсілдерін талдап, күмәнді контентті тексеру кезінде нені ескеру керегін түсіндірді.
Цифрлық қауіпсіздіктің басты қағидасы – көрген немесе естіген ақпаратты бұлтартпас дәлел деп қабылдамау. Хабарлама қаншалықты сенімді көрінсе де, ондағы мәліметті қайта тексеру қажет. Егер жақын адамыңыз шұғыл ақша аударуды сұраса, оған өзіңіз білетін нөмірі арқылы қоңырау шалған жөн. Ал банк немесе мемлекеттік орган атынан күмәнді қоңырау түссе, әңгімені тоқтатып, тиісті ұйымға ресми байланыс арналары арқылы хабарласу керек.
Қатысушылар арасында алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – дропперлік те талқыланды.
Алаяқтар студенттер мен жастарға оңай табыс табуды ұсынып, ақша қабылдау үшін банк картасын беруді, шотқа түскен қаражатты қабылдап, кейін оны сыйақы үшін басқа шотқа аударуды сұрауы мүмкін. Кейде мұндай ұсыныстар қашықтан істейтін жұмыс немесе кәдімгі қаржылық қызмет ретінде көрсетіледі.
Алайда мұндай операцияға келісу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Адам өзін басқаға көмектесіп жүрмін немесе қарапайым тапсырманы орындап жатырмын деп ойласа да, оның шоты заңсыз қаржылық схемаға пайдаланылуы ықтимал.
Тақырыптық бөлім барысында қатысушыларға банк картасын бөгде адамдарға беруге, шотқа қол жеткізу деректерін жариялауға және күмәнді ақша аударымдарына келісуге болмайтыны түсіндірілді. Егер бейтаныс адам жеке шотыңыз арқылы ақша өткізіп, табыс табуды ұсынса, бұл – сақ болуға негіз болатын маңызды белгі.
Ұйымдастырушылар әлеуметтік инженерияға да назар аударды. Бұл – алаяқтардың адамды құпия деректерін өз еркімен жариялауға немесе ақша аударуға итермелейтін психологиялық айла-тәсілдері.
Мұндай жағдайда алаяқ өзін банк қызметкері, полицей, жеткізу қызметінің маманы немесе таныс адам ретінде таныстыруы мүмкін. Ол адамды қорқытуға, асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеуге немесе оңай пайдаға кенелуге уәде беруге тырысады. Ойлануға уақыт азайған сайын, адамның асығыс әрі қате шешім қабылдау ықтималдығы артады.
Сондықтан цифрлық қауіпсіздік үшін асықпай, ойланып әрекет ету маңызды. SMS немесе push-хабарламалар арқылы келген кодтарды ешкімге айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдардың өтінішімен қосымшалар орнатпау керек. «Қауіпсіз шотқа» шұғыл ақша аударуды талап еткен кез келген ұсыныс әңгімені тоқтатып, ақпаратты өз бетіңізше тексеруге себеп болуы тиіс.
Бағдарламада интерактивті форматтарға да ерекше мән берілді. Қатысушылар сарапшылардың баяндамаларын тыңдап қана қоймай, нақты мысалдарды талдап, ашық микрофон арқылы сұрақтар қойып, тақырыптық викторинаның тапсырмаларына жауап берді.
Форумға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында ММА-дан әлем чемпионы Василий Тахтай, блогер Нұргелді Кердеш, әнші Дастан Оразбеков, актриса әрі тележүргізуші Татьяна Турлай, блогер Хаким Мукарам және медиа саласының басқа да өкілдері болды. Форумды блогер әрі киберспорттық іс-шаралардың жүргізушісі Айгерім Дунамис пен Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан жүргізді.
Танымал спортшылар мен медиа тұлғалардың қатысуы қаржылық қауіп-қатерлер туралы әңгімені жастарға жеңіл әрі түсінікті етуге көмектесті.









