Биылғы 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,6%-ға өсті

    1 / 5

    ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында оң динамика байқалып, жиынтық өсім 8,6%-ды құрағанын баяндады.

    Өсім машина жасау (+22,8%), химия өнімдері (+23,4%), құрылыс материалдары (+5,9%), резеңке және пластмасса бұйымдары (+18,1%), жеңіл өнеркәсіп (+62,4%) және басқа да салаларда тіркелді.

    «Өсімнің негізгі факторы жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы болды. Бүгінгі таңда жалпы құны 642 млрд теңгеден асатын 106 жоба пайдалануға беріліп, шамамен 8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнім түрлері бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

    Металлургия өнеркәсібінде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 98,2%-ды құрады. Кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралардың арқасында алдыңғы айлармен салыстырғанда көрсеткіш 0,9%-ға жақсарды.

    Отандық өндірушілер металлургия кәсіпорындарына мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізатты жеткізу көлемін арттырып, мырыш концентратын беруді қайта жандандырды. Қажетті шикізатты импорттау жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындардың шикізаттық базасын кеңейту үшін шетелдік серіктестермен тауар жеткізілімдерін өзара есепке алу тетігі пысықталып жатыр.

    Сонымен қатар өңдеуге арналған тарифтерді есептеудің жаңа әдістемесін енгізу арқылы мыс концентратын ел ішінде өңдеу көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл отандық қайта өңдеу саласының экономикалық тартымдылығын арттыруға, мыс концентратын шетелге шығаруды қысқартуға және оны ел ішінде тереңірек өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, жоспарланған көрсеткіштерге қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы қол жеткізіледі.

    Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 22,8%-ға артты. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ әртүрлі жабдықтар мен тұрмыстық техниканы өндіру көлемінің артуы есебінен қол жеткізілді. Биылғы 9 айда Қазақстанда 144 мың автокөлік құралы өндірілді. Оның 136 мыңнан астамы – жеңіл автокөлік, шамамен 1,8 мыңы – автобус және 5,8 мыңға жуығы – жүк көлігі мен арнайы техника. Көрсеткіштердің артуы ішкі сұраныстың өсуіне және бұрын іске қосылған жобалардың жоспарлы қуатына шығуына байланысты. Салаға бағытталған салықтық және кедендік жеңілдіктер де қосымша қолдау болып отыр. Атап айтқанда, тұрмыстық техниканы сату кезінде қосылған құн салығынан босату шарасы келесі жылдың соңына дейін қолданылады. Өндірісті локализациялау деңгейін арттыру және Samsung тәрізді ірі халықаралық өндірушілерді тарту мақсатында осы жеңілдіктің қолданылу мерзімін неғұрлым ұзарту ұсынылып отыр.

    Жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 62,4%-ға өсті. Тоқыма бұйымдарын өндіру көлемі – 91,1%-ға, киім-кешек өндірісі – 27%-ға, былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 22,9%-ға ұлғайды.

    Химия өнеркәсібінде полипропилен, аммофос және каустикалық сода өндірісінің ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 23,4%-ға артты. Құрылыс ерітінділерін, цемент және бетоннан жасалған құрастырмалы конструкцияларды өндіру көлемінің артуына байланысты құрылыс материалдарының өндірісі 5,9%-ға өсті.

    Елімізде жыл басынан бергі 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 7,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға артты. Өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары көлемінің елеулі өсімі Ұлытау, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді.

    Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 13,2 млн шаршы метрді құрады. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 12,9 млн шаршы метр болған еді. Осылайша, өсім 2,7%-ды құрады. Өсім 17 өңірде тіркелді, ал ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарына тиесілі болды.

    «Министрлік өндірісті локализациялау деңгейін арттыру, қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы өзі жетекшілік ететін салалардағы өсім қарқынының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жалғастыра береді», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары