Қазақстанда 2023 жылдан бері 4,6 трлн теңгенің 670 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Отандық кәсіпорындар шамамен 6 трлн теңгенің өнімін өндірді, оның үштен біріне жуығы экспортталды. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 жобаны іске асырып, нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 130 жобасы іске қосылды. Жаңа кәсіпорындар негізінен құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және тамақ өнеркәсібі салаларында ашылды. Инвестициялардың ең көп көлемі машина жасау саласына (шамамен 1 трлн теңге), сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне (760 млрд теңгеден астам) жұмсалды.
«Жаңа өндіріс орындарын іске қосудан бөлек, экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі стратегиялық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай 17 жобаны іске асыру басталды, оның 9-ын министрлік үйлестіреді. Екі жоба өткен жылы іске қосылды. Олар – KIA Qazaqstan автомобиль зауыты және Astana Motors көп брендті автомобиль зауыты. Келесі жылдың басында тағы бір жобаны – Павлодар облысында жылына 160 мың тонна темір мен болат өндіретін зауыттың бірінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, агрохимия және түсті металлургия салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
19 арнайы экономикалық аймақ пен 69 индустриялық аймақтың жұмысына да баса назар аударылып отыр. Бұлар арқылы 900-ден астам жоба жүзеге асырылып, 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Кәсіпорындар 22,3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық төледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуінің үш негізгі бағытты қамтитын жаңа моделі әзірленді. Инвестор келгенге дейін қажетті инженерлік және өндірістік инфрақұрылым дайын болуы тиіс. Осы мақсатта Ислам даму банкінен қаржы тарту мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралуда. Басқарушы компаниялар инвесторларды белсенділікпен тартатын, жобаларды сүйемелдейтін және кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсететін толыққанды даму операторларына айналуы керек.
Жобаларды іріктеу кезінде өндіріс орындарының теңгерімі бағаланады. Нарық қажеттілігі мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесі ескеріледі. Осылайша, арнайы экономикалық аймақтардың қызметі мүлде жаңа форматқа ауысады.
Жарты жыл ішінде ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсаған барлық қаржысының жартысынан астамы, яғни 7,5 трлн теңгесі қазақстандық жеткізушілердің үлесіне тиді. Сатып алулардағы отандық тауарлардың үлесі шамамен 33%-ды құрайды. Осы әлеуетті іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлардың тізбесі жыл сайын ұлғайтылып отырады. Бүгінде оған 5 мыңнан астам тауар енгізілген, ал ОТӨ-мен жасалған келісімшарттар саны 169 мыңға жуықтады. Осындай қолдау «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның сатып алуларында да қарастырылған.
Елімізде жаңа өндіріс орындарын құру ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар арқылы ынталандырылады. Қатты пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компаниялардың сатып алу жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, жекелеген тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алуға шектеулер енгізіліп, TIZILIM электрондық сатып алу алаңы жаңартылды.
Сонымен қатар отандық тауарларды сатып алу көлемін ұлғайтуға және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға бағытталған арнайы бағдарламалар енгізілуде. Отандық өндірісті дамытудың тағы бір тиімді құралы – офтейк-келісімшарттар. Осы тетік арқылы 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компаниялармен жалпы сомасы шамамен 800 млрд теңгені құрайтын 104 офтейк-келісімшарт жасалды.
Мұнай-газ саласында 3 млрд теңгеге 109 офтейк-келісімшарт жасалды. «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндіріс орындарын ашу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 657 млрд теңгені құрайтын 1 400-ден астам офтейк-келісімшарт түзілді.
«Офтейк-келісімшарттар отандық өндірісті дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және бұрын елімізде өндірілмеген өнім түрлерін шығаруды жолға қоюға тың серпін береді. Мысалы, KSP Steel компаниясы 7,5 млрд теңгеге мұнай-газ саласына арналған құбырлар өндірісін іске қосты. Asia Trafo компаниясы энергетика саласына арналған трансформаторлар мен реакторлар өндіретін, құны 40 млрд теңге болатын өндіріс орнын құрды.
Сондай-ақ тау-кен металлургия саласына арналған «ковштар», роликті тіректер, қысым датчиктері, коммутаторлар мен радиостансалар сияқты өнімдерді шығару жобалары жүзеге асырылды. Жалпы, бұл жобаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өндірісті кеңейте отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Отандық өнімге сұранысты арттырудың маңызды бағыттарының бірі – ЭКСЖ ұлттық жобасы. Оның аясында жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 705 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жобаларға қажетті тауарларды сатып алу кезінде қазақстандық өнімге басымдық беріледі. Ол үшін барлық тапсырыс ЭКСЖ электрондық платформасы арқылы қадағаланады. Қазіргі уақытта онда 200-ден астам ОТӨ-нің шамамен 3 мың тапсырысы орналастырылған.
ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру тәжірибесі цифрлық құралдар ірі инфрақұрылымдық жобаларды орындау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беруге жол ашатынын көрсетті. Енді осындай тәсілді құрылыс саласына да енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде отандық құрылыс материалдарының қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүзеге асыру көзделіп отыр.
«Құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету және оларды импорттық өніммен негізсіз алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Осы орайда Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпараттар жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде ескеріледі. Осылайша, құрылыс барысында отандық құрылыс материалдарының пайдаланылу ісі барлық кезеңде цифрлық бақылауда болады», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Цифрлық тізілімде 84 мыңға жуық тауар түрін шығаратын 2,7 мыңнан астам өндіруші тіркелген. Өндірісте және қызмет көрсету кезінде отандық тауарларды пайдалану талаптары күшейтіледі. Жасанды интеллект өндіріс туралы ақпаратты талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорындардың жүктеме деңгейін бағалауға арналған цифрлық панель құрылады.
Министр өз баяндамасында жұмыстың мынадай негізгі бағыттарын атап өтті:
Отандық құрылыс материалдары өндірісін дамыту. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілікке талдау жүргізіліп, соған сәйкес жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі қарастырылады.
Өндірістік қуаттарды үйлесімді дамыту. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде нарық сұранысы мен әр өңірдің және саланың ерекшеліктерін ескеру қажеттігін атап өтті. Осы міндетті орындау үшін министрлік өндіріс орындарының теңгерімін бағалау тетігін енгізді, заңнамалық өзгерістер қабылданып, тиісті әдістеме бекітілді. Бағалау нәтижелері жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту туралы шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі.
Ірі кәсіпорындар айналасында жеткізушілер экожүйесін қалыптастыру. Реттелетін сатып алулар шеңберінде тапсырыс берушілер үшін отандық өнімді сатып алу жөніндегі талаптар күшейтіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес арасындағы өндірістік кооперацияны нығайту мақсатында өнеркәсіптік кластерлерді дамытудың жаңа моделі әзірленуде.
Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру. Жаңа модель аясында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралады. Бұл ретте жеке меншік, оның ішінде шетелдік басқарушы компанияларды тарту да көзделген.
«Кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптарды азайту үшін «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі» қағидатын енгізу ұсынылады. Бұл басқару жүйесін икемді етеді әрі басқарушы компаниялардың инвесторлар тарту және арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндіріс орындарын іске қосу жөніндегі жауапкершілігін арттырады. Жалпы, ұсынылып отырған шаралар отандық өнімге сұранысты арттыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, өнім өндіру көлемін ұлғайтуға және нарықтағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған», – деп түйіндеді Ерсайын Нағаспаев.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







