Құрылтайда энергия үнемдеу жөніндегі заң жобалары бірінші оқылымда қаралды

    Бүгін Құрылтайда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі екі заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Депутаттар мектептерде, ауруханалар мен балабақшаларда энергия тұтынуды бақылау аясын кеңейтуді, энергосервистік компанияларды іріктеу тәртібін жеңілдетуді және энергия үнемдеу саласындағы бірқатар құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді ұсынды.

    Заң жобаларын депутат Арман Қалықов таныстырды. Ол келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген. Осы кезеңде энергия ресурстарын түпкілікті тұтыну көлемі 10,8 пайызға артқан. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы әлі де әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.

    Түзетулерде энергосервистік компанияларды іріктеуді жеңілдету және бюджет пен квазимемлекеттік секторлардағы энергия тиімділігін арттыру жобаларына жеке инвестиция тартуға жағдай жасау көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сатып алу кезінде энергия тиімділігі талаптарын бұзғаны, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық тізілімге мәлімет ұсыну талаптары мен мерзімдерін сақтамағаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылды.

    Қосымша баяндама жасаған депутат Бекжан Әлімқұлов жұмыс тобына 110-нан астам түзету түскенін айтты. Оларды қарауға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар және Ұлттық энергия үнемдеу орталығының мамандары қатысып жатыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі" жаңалықтары