Педагог мәртебесі: жаңа талаптар мен даму бағыттары

    Білім беру саласының сапасы ең алдымен педагогтің кәсіби деңгейіне байланысты. Бүгінде мұғалім тек білім беруші емес, ол — тәлімгер, зерттеуші, білім беру ортасын ұйымдастырушы және заманауи технологияларды тиімді қолданатын маман.

    Соңғы жылдары Қазақстанда педагог мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы, еңбекақы жүйесінің жетілдірілуі, әлеуметтік кепілдіктердің кеңеюі, кәсіби даму мүмкіндіктерінің артуы мұғалім мамандығының беделін көтеруге ықпал етті. Сонымен қатар қазіргі қоғам педагогтен жаңа құзыреттерді, цифрлық сауаттылықты және үздіксіз дамуды талап етеді.

    Заманауи педагог білім алушылардың тек білімін емес, олардың сыни ойлау, қарым-қатынас жасау, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған тұлға қалыптастырушы маманға айналды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары да мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, білім беру сапасын арттырудың тиімді мүмкіндігіне айналып келеді.

    Педагог мәртебесінің артып келе жатқанын халықаралық зерттеулер де көрсетеді. TALIS-2024 нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда мұғалімдердің 82 пайызы өз мамандығын қоғам құрметтейді деп есептейді. Педагогтардың 95 пайызы кәсібіне қанағаттанатынын, ал 80 пайызы қайтадан осы мамандықты таңдайтынын атап өткен. Бұл көрсеткіштер білім беру саласындағы реформалардың нәтижесін көрсетеді.

    Педагог мәртебесі оның құқықтары мен міндеттерінің үйлесімінен қалыптасады. Заң педагогтардың кәсіби құқықтарын қорғап, оларды өз міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, негізсіз есеп талап етуге және білім беру процесіне жат міндеттер жүктеуге жол бермейді. Мұндай талаптарды бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

    Сонымен бірге жоғары мәртебе үлкен жауапкершілікті талап етеді. Педагогикалық әдеп, әділдік, кәсіби мәдениет пен қоғам сенімі — мұғалім беделінің басты негіздері. Әсіресе цифрлық дәуірде педагогтің әлеуметтік желідегі мәдениеті, білім алушылардың деректерін қорғауы және технологияларды этикалық қолдануы да маңызды.

    Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер білім беру ұйымдарындағы кәсіби мәдениетті нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және педагогтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл жұмыстар білім беру саласындағы сенімді арттырып, қолайлы кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Педагог мәртебесі —құқықтар мен мемлекеттік қолдау ғана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Заманауи талаптарға сай, білікті әрі жауапты мұғалім —сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптастырудың басты кепілі.

    Гүлнар СӘРСЕНҒАЛИЕВА,

    Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

    https://aqtobegazeti.kz

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті" жаңалықтары