Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында ШҚО полициясы ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтады
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері маневр жасау кезінде бұрылу көрсеткішін қоспаған автокөлік жүргізушісінің жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегін анықтады. Сонымен қатар, автокөліктің бұрылу көрсеткіштерінде зауыттық конструкцияда көзделген галоген шамдарының орнына қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін LED-жарықдиодты шамдар орнатылғаны белгілі болды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 21 жастағы жүргізуші анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабының 1-бөлігі (маневр жасау қағидаларын бұзу) және 590-бабының 5-бөлігі (көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әр бап бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Полиция жол қозғалысына қатысушылардың белгіленген қағидаларды сақтауға міндетті екенін, ал көлік құралдарының конструкциясы мен жабдықтары қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы керектігін еске салады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









