Семей қаласында 1400 оқушыға арналған BINOM білім беру желісінің жаңа мектебінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метрден асатын төрт қабатты ғимарат заманауи оқу зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен, шығармашылық шеберханалармен және оқушылардың жан-жақты дамуына арналған кеңістіктермен жабдықталады. Білім беру мекемесін келесі оқу жылының басында ашу жоспарланып отыр.
Жаңа білім ордасы BINOM желісіндегі оныншы мектеп болмақ. Құрылыс аяқталғаннан кейін Семей аталған білім беру желісі жұмыс істейтін Қазақстандағы үшінші қалаға айналады. Бұған дейін Астана мен Атырау қалаларында BINOM желісінің тоғыз мектебі салынған.
Заманауи технологиялар мен тәжірибеге негізделген оқыту
Жаңа мектепте оқушылардың жаратылыстану ғылымдары, техникалық және зерттеушілік бағыттар бойынша білімдері мен дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Ғимаратта мамандандырылған оқу кабинеттері, физика, химия және биология зертханалары, сондай-ақ нано- және биотехнология зертханалары қарастырылған.
Оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруі және өз жобаларын жүзеге асыруы үшін робототехника кабинеттері, 3D-принтерлермен жабдықталған кеңістіктер, металл және ағаш өңдеу шеберханалары ашылады.
Мұндай инфрақұрылым оқушыларға теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға және жобалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шығармашылық пен жан-жақты дамуға арналған жаңа кеңістіктер
Дәстүрлі оқу кабинеттерінен бөлек, мектепте кинозалдар, телестудиялар, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг кеңістіктері қарастырылған.
Оқушылардың қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіру және ағылшын тілінде еркін сөйлеу қабілетін дамыту мақсатында Speaking Club клубының жұмысы ұйымдастырылады. Ал TEDxBINOM алаңы көпшілік алдында сөйлеу, өз идеяларын таныстыру және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға бағытталмақ.
Сонымен қатар ғимаратта спорттық және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған кеңістіктер жасақталады.
Заманауи білім беру инфрақұрылымы академиялық білімді шығармашылық, зерттеушілік және тәжірибелік қызметпен ұштастырып, оқушылардың қабілеттерін жан-жақты ашуға қосымша мүмкіндіктер береді.
Мектеп құрылысы жалғасуда
Білім беру нысанының құрылысы 2026 жылдың шілде айының соңында басталған. Жобаның тапсырыс берушісі - Абай облысының құрылыс басқармасы, жобалаушысы - «Urban Structure» ЖШС, ал мердігері - BI Group компаниясы.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында темірбетон бағаналар мен қабатаралық жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылысқа 70 маман тартылған, олардың басым бөлігі - жергілікті тұрғындар.
Құрылыс жұмыстарын аяқтап, мектепті келесі оқу жылының басында ашу жоспарланған.
Жобаны іске асыру Семей қаласының білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге, қосымша оқушы орындарын ашуға және балалардың сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, сондай-ақ қажетті білім мен дағдыларды меңгеруіне заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.









