ШҚО-да «Қауіпсіз үй» ЖПІШ-тің алғашқы аптасында есепте тұрған 2,4 мыңнан астам адам тексерілді
Шығыс Қазақстан облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында өткізіліп жатқан республикалық «Қауіпсіз үй» іс-шарасы жалғасуда. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіп факторларын анықтау және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Алғашқы аптада іс-шараға 900-ге жуық қызметкер жұмылдырылып, 2 мыңнан астам проблемалық мекенжай белгіленді. Полиция қызметкерлері пәтерлерді, жеке үйлер мен жалға берілетін тұрғын үйлерді қамтитын 2 344 мекенжайды аралап шықты. Нәтижесінде 174 қауіп факторы анықталып, оның 160-ы жойылды.
Есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударылды. 2 439 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 55 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 798 азаматтық қару иесі тексерілді. 10 жағдайда қаруды сақтау талаптары мен оны тіркеу мерзімдерінің бұзылғаны анықталып, тіркелмеген бір қару тәркіленді.
Тұрғындармен байланыс орнату жұмыстары да жалғасуда. 3 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 145 есептік кездесу ұйымдастырылды. QR-кодтар мен жергілікті қауымдастықтардың чаттары арқылы тұрғындардан 125 ұсыныс түсіп, оның 113-і бойынша тиісті шаралар қабылданды.
«Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Жұмыс қауіп-қатерлерді дер кезінде жоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өңір тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Заң мен тәртіп – баршаға ортақ!
ШҚО ПД баспасөз қызметі








