9–11 қазан күндері Астана қаласында қазақ күресінен 2011–2012 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында «QAZAQ KURESINEN BALA MUQAN» республикалық турнирі өтті. Байрақты бәсекеде Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінің жас балуандары да бақ сынап, екі жүлделі орынға ие болды.
Атап айтқанда, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Саян Мизембаев үшінші орын алса, 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ильнур Нигматзянов күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Бұл – жас спортшылардың республикалық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Олар бұған дейін де талай жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, өздерінің шеберліктерін дәлелдеп келеді. Саян Мизембаев «Бала Мұқан» турнирінде екі рет жеңімпаз атанған. Сонымен қатар Петропавл қаласында өткен жарыста спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған.
Жаттықтырушы Жасұлан Аменкин шәкірттерінің жетістігі кездейсоқ емес екенін айтады. Оның сөзінше, жас балуандар жаттығуға тұрақты қатысып, дайындыққа жауапкершілікпен қарайды.
«Шәкірттерім жаттығуға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сабақтан қалмай, әрдайым ізденіп, өз шеберліктерін шыңдауға тырысады. Осындай тәртіп пен табандылықтың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр», – дейді жаттықтырушы.
Жас балуандардың бұл жетістігі – олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Саян мен Ілнұрды және олардың жаттықтырушысын жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да сәтті өнер көрсетіп, жаңа белестерді бағындыра берсін!









