
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Қатысушылар еңбек міндеттерін орындау кезінде зардап шеккен жұмыскерлерге төлем жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы тетікті одан әрі жетілдірудің ықтимал бағыттарын талқылады.
Кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Басқарма төрағасының орынбасарлары Тимур Жаркенов пен Гүлнар Бижанова, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы Олжас Ашкеев, сондай-ақ сақтандыру саласының, «Атамекен» ҰКП мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ұзақ мерзімді төлемдерді қамтамасыз ету кезінде туындауы мүмкін қаржылық салдарға жүргізілген алдын ала бағалау нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ шетелдік тәжірибеде қолданылатын тәсілдер де таныстырылды.
Халықаралық тәжірибеде өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу үшін әртүрлі сақтандыру тетіктері мен тәуекелдерді бөлу құралдары қолданылады. Мұндай тетіктер жүйеге қатысушылардың қаржылық міндеттемелерін ескере отырып, зардап шеккен жұмыскерлерге ұзақ мерзімді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты тараптар ұзақ мерзімді міндеттемелердің жалпы қаржылық салдарын бағалау, сондай-ақ оларды тұрақты төлем тетігін қалыптастыру кезінде ескеру мәселелерін қарастырды.
Ірі өндірістік кәсіпорындар мен өңдеу өнеркәсібін толғандыратын маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Қатысушылар зардап шеккен жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, жұмыс берушілердің мүддесі мен кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігін ескеретін теңгерімді тәсіл қажет екенін атап өтті.
Сақтандыру құралдарын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылды. Атап айтқанда, ұзақ мерзімді төлемдерді қамтамасыз етіп, қаржылық міндеттемелерді бөлуге жағдай жасайтын ерікті аннуитеттік сақтандыру мәселесі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бизнес өкілдері, сақтандыру саласы және әлеуметтік әріптестердің қатысуымен төлем жасау тетігін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.








