
Республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институты «Жасыл экономикаға көшу аясындағы еңбек жағдайлары және кәсіптік тәуекелдер: жіктеу, санаттар және топтастыру критерийлері» ғылыми-техникалық бағдарламасының негізгі кезеңінің қорытындысын шығарды.
Бағдарламаның басты міндеті – еңбек жағдайларын бағалау тәсілдерін жетілдіру және зиянды, қауіпті факторлардың бар-жоғын тіркеумен шектелмей, нақты жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді уақтылы анықтап, оларды азайту шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін жүйеге көшу.
Не әзірленді
Зерттеулер қорытындысы бойынша жұмыс орындарын кәсіптік тәуекел дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларының жіктемесі қалыптастырылды. Сондай-ақ зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттары мен оларды тиісті санаттарға жатқызу критерийлері айқындалды.
Бағдарлама аясында төрт әдістеме әзірленді. Олар тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбек жағдайларын жіктеуді, зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлердің санаттарын анықтауды, ашық ауада, жер астында және биікте жұмыс істеу кезіндегі кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, сондай-ақ кеңейтілген практика мейірбикелерінің еңбек жағдайлары мен кәсіби ортасын бағалауды қамтиды.
Бұдан бөлек, өндірістік орта және еңбек процесі факторларын ескере отырып, еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеу бойынша оқу модулі әзірленді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы аясында кәсіптік тәуекелдерді басқару бөлігінде еңбек заңнамасын жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар дайындалды.
Цифрлық құралдар және кәсіпорындарда сынақтан өткізу
«Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» АБЖ(АИС) -да төрт цифрлық анықтама мен құрал әзірленді. Оның ішінде зиянды және қауіпті өндірістік факторлар жіктеуіші, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша электрондық есеп және түзету іс-шараларының электрондық жоспары бар.
Әзірленген тәсілдер 9 кәсіпорында пилоттық сынақтан өтті. Нәтижесінде 8 енгізу актісі алынды.
Зерттеулер тау-кен, құрылыс және өңдеу өнеркәсібінің ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілді. Бұл әзірленген тәсілдердің қолданылу мүмкіндігін тікелей өндірістік жағдайда тексеруге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның ғылыми нәтижелері Web of Science және Scopus халықаралық базаларында индекстелетін басылымдардағы 5 жарияланым және ҚР ҒЖБССҚК (КОКНВО РК) ұсынған журналдардағы 18 жарияланым жарияланды. Сонымен қатар 6 авторлық куәлік алынды.
Бұл жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге не береді
Жаңа тәсілдердің практикалық мақсаты – еңбек жағдайларын негізінен есепке алудан тәуекелдердің алдын алуға көшу. Жұмыс беруші нақты жұмыс орнындағы қауіптерді дәлірек анықтауға, тәуекел деңгейін бағалауға және қажетті профилактикалық іс-шараларды жоспарлауға арналған құралдарға ие болады.
Жұмыскерлер үшін мұндай тәсіл ең алдымен еңбек қауіпсіздігін арттыруға, жарақат немесе кәсіптік ауруға әкелуі мүмкін факторларды уақтылы анықтауға және жағымсыз салдарлар туындағанға дейін шара қабылдауға бағытталған.
Ғылыми-техникалық бағдарламаның нәтижелері кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны өзектендірудің негізін қалыптастырады.
Жүргізілген жұмыс 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының басымдықтарына сәйкес келеді.






