Еңбек саласын цифрландыру: мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар ортақ қағидаттарды қабылдады

    Еңбек саласын цифрландыру: мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар ортақ қағидаттарды қабылдады

    Астанада «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумы аясында мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар өкілдері «Алгоритмдік бақылау, кәсіподақтардың рөлі, бизнестің жауапкершілігі» атты Астана үшжақты декларациясына қол қойды. Құжат әлеуметтік әріптестердің еңбек саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге қатысты ортақ ұстанымдарын айқындайды. Декларацияда адами капиталды дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және жұмыскерлерге қатысты шешімдер қабылдау кезінде адамның рөлін сақтау мәселелеріне басымдық берілген.

    Халықаралық форумға мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің, халықаралық ұйымдардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектінің жұмыспен қамту мен кәсіби дағдыларға әсерін, еңбек құқықтарын қорғау, кадрларды қайта даярлау, платформалық экономиканы дамыту және жаңа технологияларды қауіпсіз енгізу мәселелерін талқылады.

    Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев пен вице-министр Бақтияр Жазықпаев қатысты.

    «Жасанды интеллект еңбек құралдары мен оны ұйымдастыру тәсілдерін өзгертуі мүмкін. Дегенмен кез келген технологиялық өзгерістің басты назарында адам қалуы тиіс. Жаңа технологиялардың дамуы адами капиталды жетілдірумен, жұмыс орындарының сапасы мен қауіпсіздігін арттырумен және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін ұлғайтумен қатар жүруі керек», – деп атап өтті Ербол Тұяқбаев.

    Вице-министр Бақтияр Жазықпаев панельдік сессия барысында Министрліктің еңбек саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы практикалық шешімдерін таныстырды. Негізгі тәсіл дәстүрлі электрондық қызметтерден интеллектуалды әрі проактивті сервистерге көшуге негізделген. Мұндай сервистер қолда бар деректер негізінде азаматтардың қажеттіліктерін алдын ала анықтап, оларға тиісті шешімдерді ұсына алады.

    Бұл тәсіл қазірдің өзінде Enbek экожүйесінде жүзеге асырылуда. Онда жұмыс істейтін AIDana жасанды интеллекті негізіндегі ассистент азаматтармен 61 мыңнан астам диалог жүргізген. Өтініштердің 77%-ы оператордың қатысуынсыз шешіледі. Сондай-ақ Цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді Ол азаматтың кәсібін, еңбек өтілі мен біліктілігін ескере отырып, бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктейді. Маңғыстау және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында екі ай ішінде азаматтарға шамамен 60 мың жеке ұсыныс жолданып, жүйенің ұсынымы бойынша 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.

    Жасанды интеллект мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін де қолданылуда. ИИ-конфигуратор 150-ден астам дереккөзден алынған ақпаратты талдап, кәсіптік стандарт жобасын бұрынғыдай шамамен үш айда емес, 3–5 күн ішінде әзірлеуге мүмкіндік береді. Жаңа құралдың көмегімен қазірдің өзінде 100 кәсіптік стандарт жобасы дайындалды. Бұл ретте сараптамалық бағалау мен түпкілікті шешімді маман қабылдайды.

    Цифрлық технологияларды қолданудың тағы бір бағыты – еңбек құқықтарының бұзылуы мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу. Жасанды интеллект тексерулер, анықталған бұзушылықтар және кәсіби тәуекелдер туралы деректерді талдайды. Қазіргі таңда Еңбек тәуекелдерінің картасы 23 көрсеткіш бойынша 99,5 мың кәсіпорынды қамтиды. Бұл жүйе еңбек заңнамасын бұзу немесе әлеуметтік-еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары ұйымдарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде осындай тәуекелі жоғары шамамен 2,4 мың кәсіпорын анықталды.

    Форум барысында алгоритмдік басқару және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, автоматтандырудың жұмыспен қамтуға ықпалы, кадрларды қайта даярлау, платформалық экономиканы дамыту, сондай-ақ еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдануды реттеудің халықаралық тәсілдері де талқыланды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану ең алдымен адам үшін нақты нәтижеге бағытталуы керек екенін атап өтеді. Яғни азаматтың тезірек жұмыс табуына, қажетті мемлекеттік қызметті алуына, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және еңбек құқықтарының бұзылу тәуекелдерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты шешімдер міндетті түрде адамның қатысуымен қабылданады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары