
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Астана қаласындағы JOLTAP әлеуметтік жобасының жұмысымен танысып, қысқа мерзімді оқытудың ұйымдастырылуын, сұранысқа ие даярлау бағыттарын және түлектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерін зерделеді. Жоба тәжірибесі оны еліміздің басқа өңірлеріне масштабтау ықтималдығына ұсыныстар әзірлеу аясында қарастырылуда.
Сапар барысында министрге сыныптар мен шеберханалар көрсетіліп, жұмыскерн және цифрлық бағыттар бойынша практикалық сабақтардың қалай өтетіні таныстырылды. Асқарбек Ертаев жоба қатысушыларымен және түлектермен әңгімелесіп, оқытудың басты нәтижесі адамға алған дағдыларын іс жүзінде қолдануға, жұмысқа орналасуға немесе өз бетінше табыс табуға мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өтті.
«JOLTAP жобасы жақсы нәтижесін көрсетіп отыр. Қысқа мерзім ішінде адам сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алады. Оқыту жұмыс берушілердің қажеттілігі мен түлектерді кейінгі жұмыспен қамтуға байланысты ұйымдастырылған. Біздің міндетіміз – осы тәжірибені зерделеп, мұндай мүмкіндіктерді еліміздің барлық өңірінің тұрғындарына қолжетімді ету», – деді Асқарбек Ертаев.
JOLTAP өкілдері оқу бағдарламаларын қалыптастыру тәсілдері жайында айтты. Курстар жергілікті бизнестің қажеттіліктері мен кәсіпорындардың кадрларға деген сұранысын ескере отырып әзірленеді. Оқу тегін, 5 күннен 22 күнге дейін жалғасады және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген алаңдарда өткізіледі. Сабақтардың басым бөлігі практикалық сипатқа ие: оқытудың шамамен 80%-ы өндірістегі жұмыстарға бағытталған. Бұл ретте қатысушылар қажетті материалдармен қамтылады.
Жоба іске қосылғалы бері 30 курс ұйымдастырылған. Оның 19-ы жұмысшы, 11-і цифрлық бағытқа арналған. Биыл оқыту 18 мамандық бойынша жүргізілуде. Олардың қатарында тігінші, модельер-конструктор, тігін өндірісінің операторы, электргазбен дәнекерлеуші, электрмонтаждаушы, наубайшы мамандықтары, сондай-ақ графикалық дизайн, өнімді ілгерілету және бизнесте цифрлық құралдарды қолдану бағыттары бар.
JOLTAP әлеуметтік жобасының жетекшісі, Астана қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Дана Жүнісова тұрақты жұмыспен қамтылу үшін адамға көбіне өзара байланысты бірнеше дағдыны кешенді түрде меңгеру қажет екенін атап өтті.
«Болашақ тігіншіге пішу, модельдеу және тігу дағдыларын меңгеру маңызды. Ал өз бұйымдарын сатқысы келсе, оған тауарды әлеуметтік желілерде таныстыру, маркетплейстермен жұмыс істеу, есеп жүргізу және салық мәселелерін түсіну сияқты қосымша білім қажет болады. Сондықтан біз қатысушыларға қажетті курстарды кезең-кезеңімен өтіп, оқу орнынан жұмысқа немесе өз кәсібін бастауға дейінгі жеке бағытын қалыптастыруға көмектесеміз», – деді Дана Жүнісова.
Бүгінде JOLTAP жобасы аясында 22,3 мың адам қысқа мерзімді оқудан өтті. Жоба мәліметіне сәйкес, түлектердің 60%-ы жұмысқа орналасқан, тағы 23%-ы фриланс форматында еңбек етеді. 2 мыңнан астам қатысушы өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрған.
Жоба түлектерінің қатарында алдымен тігін ісі бойынша білім алып, кейін қосымша бағыттарды меңгерген Айгерім Момышева да бар.
«Бастапқыда тігін тігуді үйренсем деген ниетпен келдім. Кейін маған басқа да дағдылар қажет екенін түсіндім. Қазір өзім ойыншықтардың дизайнын ойластырып, жасап, оларды маркетплейстер арқылы сатамын. Енді жобаға жаңадан келгендерге өз тәжірибеммен бөлісе аламын», – деді Айгерім Момышева.
JOLTAP жобасында оқыту аяқталғаннан кейін де қатысушыларды сүйемелдеу қарастырылған. Атап айтқанда, түлектер мен басқа да жұмыс іздеушілер үшін жұмыс іздеуге арналған JUMYSTAP платформасы құрылды. Қазір онда 42 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, оның ішінде 5,3 мың жұмыс беруші бар. Платформада жалпы 6,5 мыңнан астам бос жұмыс орны туралы хабарландыру орналастырылған.
Сонымен қатар жоба түлектерді кәсіби қауымдастықтарға біріктіреді. Қатысушылар мұнда тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа кәсіби байланыстар орнатады, бірлескен жобалар мен тапсырыстарды бірге орындауға мүмкіндік алады.
Сапар барысында министр жобаның толық моделін – сұранысқа ие дағдыларды айқындау мен бизнес өкілдерімен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірлеуден бастап, практикалық даярлық пен түлектерді оқудан кейін сүйемелдеуге дейінгі кезеңдерін қарастырды.
JOLTAP тәжірибесін зерделеу нәтижесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әр өңірдің ерекшеліктері мен кадрларға деген қажеттілігін ескере отырып, жобаны ықтимал масштабтау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Бұл ретте негізгі назар оқытудың еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сәйкестігіне және оның жұмыспен қамтумен байланысына аударылады. Жаңа кәсіпті немесе дағдыны меңгеру адамға жұмыс табуға, табысын арттыруға немесе өз кәсібін дамытуға нақты мүмкіндік беруі тиіс.









