Ақтөбе қаласында Отбасын қолдау орталығы азаматтарға жаңа мүмкіндік сыйлап, қиындыққа тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп келеді

    Ақтөбе қаласында Отбасын қолдау орталығы азаматтарға жаңа мүмкіндік сыйлап, қиындыққа тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіп келеді

    Отбасы – қоғамның берік негізі. Ал отбасыға көрсетілген қолдау – тұтас қоғамның тұрақтылығына қосылған үлес. Осы бағытта Ақтөбе қаласының Отбасын қолдау орталығы бірнеше жылдан бері азаматтарға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсетіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіп келеді.

    Орталық өз жұмысын Астана ауданында 2022 жылдың тамыз айында бастады. Қызметке деген сұраныстың артуына байланысты 2024 жылы Алматы ауданында орталықтың екінші ғимараты ашылды. Бүгінде мұнда көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты ата-аналарға, ерекше қолдауды қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, мүгедектігі бар адамдарға және түрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

    Орталықтың басты мақсаты – азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны шешуге нақты ықпал ету. Қажетті мамандардың көмегін ұйымдастырып, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді сүйемелдеу осы жұмыстың негізгі өзегіне айналған.

    Орталыққа келген әрбір азамат алдымен мониторинг және талдау бөліміне жүгінеді. Мұнда мамандар өтінішті қабылдап, отбасының нақты қажеттіліктерін анықтайды. Осыдан кейін азамат тиісті бағыт бойынша мамандардың көмегіне жіберіледі. Қажет болған жағдайда заңгер, психолог, медиатор және басқа да бейінді мамандардың қызметі ұсынылады.

    Ең бастысы – бұл қызметтердің барлығы азаматтарға тегін көрсетіледі.

    Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың өз мүмкіндіктерін арттыруына жағдай жасау. Осы мақсатта мұнда түрлі тегін курстар ұйымдастырылып, тұрғындарға жаңа кәсіп пен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріліп келеді.

    Курстар қатарында тігін және қолөнер, мобилография, балалар массажы, шеберлік өнері, шаштараз ісі, кондитерлік және басқа да бағыттар бар. Бұл – азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, жаңа кәсіп игеріп, табыс табуына жол ашатын маңызды мүмкіндік.

    Тек биылдың өзінде орталықта 76 тегін курс ұйымдастырылып, оған 800-ден астам азамат қатысты.

    Отбасы қолдау орталығының қызметі мұнымен шектелмейді. Отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-аналық мәдениетті арттыру, қоғамдағы өзара түсіністікті қалыптастыру бағытында психологиялық тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және түрлі әлеуметтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.

    Жалпы, орталық тарапынан 70-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 2100-ге жуық азамат қатысты.

    Азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту мақсатында 2026 жылы орталықта екі рет Ашық есік күні өткізілді. Іс-шараларға депутаттар, прокуратура, әкімдік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларының өкілдері, Мансап орталығы және басқа да уәкілетті органдар қатысты.

    Бүгінде орталықтың екі ғимараты қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Астана ауданындағы Отбасын қолдау орталығы Алтын орда шағын ауданы, Тәуелсіздік көшесі, 14Б мекенжайында орналасқан. Ал Алматы ауданындағы орталық Есет батыр тұрғын алабы, 3-шағын аудан, 10/13 мекенжайында жұмыс істейді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары