$150 млн тікелей шетелдік инвестиция: Степногорск қаласында сирек жер металдары карбонатын өндіретін зауыт жаңғыртылады

    $150 млн тікелей шетелдік инвестиция: Степногорск қаласында сирек жер металдары карбонатын өндіретін зауыт жаңғыртылады

    Степногорск қаласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғырту және сирек жер металдарын өңдеу мен бөлуге арналған жаңа зауыт салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі 150 млн АҚШ долларын құрайды. Инвестор – Австралияның Lindian Resources Ltd. халықаралық тобына кіретін «Silkway Metals» ЖШС.

    Жоба 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Ол қолданыстағы өндірістік қуаттарды реконструкциялауды және сирек жер металдары карбонатын өндіретін жаңа өндірісті іске қосуды көздейді. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары басталды.

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Silkway Metals» ЖШС бас директоры Дінмұхаммед Маджановпен кездесті. Кездесу барысында жобаны іске асыру барысы және оны өңір тарапынан сүйемелдеу мәселелері талқыланды.

    Шамамен $50 млн қолданыстағы кәсіпорынды жаңғыртуға, тағы $100 млн жаңа цехтың құрылысына бағытталады. Мұнда электромобильдерге арналған аккумуляторлар мен компьютерлік чиптер өндірісін қоса алғанда, жартылай өткізгіштер өнеркәсібінде қолданылатын тұрақты магниттер өндіруге қажетті аралас сирек жер металдары карбонатын шығару жоспарлануда.

    Жаңа өндірістің жобалық қуаты жылына 12,5 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте өнім шығарудың жоспарлы көлемі жылына 8 мың тоннаға жетеді.

    Жобаны іске асыру 228 жұмыс орнын сақтауға және жаңа өндірістік қуаттар жобалық деңгейге шыққаннан кейін қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

    «Жоба Мемлекет басшысының Қазақстанның ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану және стратегиялық маңызы бар минералдар саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді. Бүгінде сирек жер металдары әлемдік өнеркәсіптің перспективалы бағыттарының біріне айналып отыр. Мұндай жобаны іске асыру үшін Степногорск қаласында қажетті жағдайлар бар. Атап айтқанда, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етудің жеткілікті қуаты, сондай-ақ дамыған өндірістік инфрақұрылым қалыптасқан. Жақында қалада индустриялық аймақтың ашылуы өндірістерді орналастыруға және дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді», – деді Марат Ахметжанов.

    Өңір басшысы жобаны іске асыруға байланысты мәселелерді уақтылы шешудің маңыздылығын да атап өтті. Кездесуде қоғамдық тыңдаулардан өту, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік мәселелер қаралды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары