
Семей жаңа күнді қарсы алып жатқанда, тергеушінің жұмыс күні әлдеқашан басталып кеткен.
Бүгінде Абай облысы Полиция департаментінде 92 тергеуші қызмет атқарады. Әр қылмыстық істің артында анықтауды қажет ететін мән-жайлар, тексеруді қажет ететін дәлелдер және адам тағдыры тұр.
Тергеушінің жұмысы кабинетпен ғана шектелмейді. Жауап алу, құжаттарды зерделеу, оқиға болған жерге бару, бейнебақылау жазбаларын, сараптама қорытындыларын және цифрлық іздерді талдау — әрбір детальдың маңызы болуы мүмкін.
Қазіргі заманғы қылмыстардың көбі цифрлық кеңістікте де із қалдырады. Интернет-алаяқтықты тергеу барысында ақша аударымдары, банктік операциялар, телефон нөмірлері мен электрондық хабарламалар зерттеледі. Сондықтан бүгінгі тергеуші заңды білумен қатар, заманауи технологияларды да меңгеруі қажет.
Фото. Бейне. Куәгерлердің жауабы. Сараптама.
Әрбір дәлел заңда белгіленген тәртіппен тексеріліп, бағаланады.
Тергеушінің міндеті — болжамға сүйену емес, болған оқиғаның мән-жайын дәлелдер негізінде анықтау және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Кейде ақиқатты анықтау үшін бір күн жеткіліксіз. Бірақ іздеу жалғаса береді. Өйткені әр істің артында — адам тағдыры, ал әрбір қабылданған шешімнің артында — жауапкершілік тұр.








