Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Оманға астық жеткізуді және Қазақстанда стратегиялық қор құруды ұсынды

    Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Оманға астық жеткізуді және Қазақстанда стратегиялық қор құруды ұсынды

    «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Асылхан Жувашев Астанада өткен Қазақстан–Оман бизнес-форумында Қазақстанның әлеуетін тиімді пайдалана отырып, Таяу Шығысқа астық жеткізу бағыттарын әртараптандыруды және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды ұсынды.

    Бизнес-форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтің 5–6 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті.

    Онда екі елдің өкілдері агроөнеркәсіптік кешен, логистика, мұнай-газ және химия өнеркәсібі, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

    Бизнес-форумда сөз сөйлеген Асылхан Жувашев Қазақстанның Оман үшін сенімді азық-түлік жеткізуші ел бола алатынын атап өтті. Қазіргі таңда корпорация қорында тұрақты түрде 2 млн тоннадан астам астық бар.

    «Біз Қазақстан астығын Оман Сұлтандығына тікелей экспорттауды дамытуға мүдделіміз. Сондай-ақ жылына 200–500 мың тонна көлемінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», – деді Асылхан Жувашев.

    Оның айтуынша, биылғы маусымда Қазақстанда ақуыз бен дән маңызының мөлшері жоғары, сапалы hi-pro бидайынан мол өнім алынды. Корпорация омандық серіктестерге осындай бидайды, сондай-ақ нарық сұранысына қарай басқа да астық дақылдарын тұрақты түрде жеткізуге дайын.

    Оман Сұлтандығының инвесторларын, мемлекеттік органдары мен азық-түлік компанияларының өкілдерін Қазақстан бизнесімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырған Асылхан Жувашев перспективалы бағыттардың бірі ретінде Қазақстан аумағында Оман үшін астық хабын және стратегиялық астық қорын құруды ұсынды.

    «Мұндай тетік қажетті қорларды астық өндіруші елдің өзінде алдын ала қалыптастыруға, нарықтағы жағдай барынша қолайлы кезеңде астық сатып алуға және қажет болған жағдайда оны Оманға жөнелтіп отыруға мүмкіндік береді. Оман тарапы үшін бұл жеткізу көздерін әртараптандыруға және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін қосымша тетік», – деді корпорация басшысы.

    Аталған елмен логистикалық ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Оңтүстік Азия мен Шығыс Африка нарықтарына шығарудың жаңа бағыттарын ашумен қатар, Орталық Азия мен Парсы шығанағы өңірі арасындағы азық-түлік жеткізілімдерінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары