«Тараз» индустриялық аймағында қуаты 45 МВт электр станциясы салынуда

    «Тараз» индустриялық аймағында қуаты 45 МВт электр станциясы салынуда
    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында салынып жатқан қуаты 45 МВт электр станциясының құрылыс барысымен танысты.
    Электр станциясы индустриялық аймақтың инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында салынуда. Жаңа нысанның электр қуатын жалпы инвестициялық құны 235,6 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға беру жоспарланған.
    Жобаның мердігері – «АСПМК-519» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Қажетті электр жабдықтарының барлығы толық жеткізілді.
    Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі жоба талаптарына сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жұмысшылар санын арттырып, құрылыс қарқынын жеделдету және нысанды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
    Электр станциясын 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін іске қосу жоспарланған.
    Айта кетейік, қазіргі таңда «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 303 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске қосу нәтижесінде 2 659 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
    Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 276 гектарды құрайды. Оның 87,5 пайызы бүгінде игерілген.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары