
Хельсинки, 2026 жылғы 07 қазан – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Котка қаласындағы Мұнай төгінділерін жою жөніндегі оқу-жаттығу және сынақ орталығына және Теңіз модельдеу орталығына барды.
Сапар барысында Финляндияның теңіздегі мұнай төгінділерінің алдын алу және оларды жою саласында мамандарды даярлау бағытындағы озық технологиялары мен практикалық тәсілдері, оның ішінде заманауи теңіз симуляторларын пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.
Оқу-жаттығу және сынақ орталығында мұнай төгінділеріне ден қоюға арналған толық көлемді жабдықтармен сынақ бассейнінде практикалық сабақтар өткізу мүмкіндіктері көрсетілді.
Теңіз модельдеу орталығында әртүрлі навигациялық және төтенше жағдайларды, сондай-ақ теңіздегі ауа-райын қалпына келтіру мүмкіндіктері ұсынылды. Мұндай технологиялар мамандардың практикалық даярлығын жүргізуге және нақты жағдайларға барынша жақын ортада іс-қимылдарды пысықтауға мүмкіндік береді.
Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларға ден қою, оның ішінде мұнай төгінділерінің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ оның табиғи ресурстарын орнықты пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты кадрлар даярлау және сараптамалық тәжірибе алмасу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу өтті.
Тараптар екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы байланыстарды дамыту, сондай-ақ Каспий өңіріндегі экологиялық қауіпсіздік саласындағы әлеуетті нығайтуға бағытталған бірлескен оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу перспективаларын атап өтті.








