ШҚО құтқарушылары балықшыларды сақ болуға шақырады

    ШҚО құтқарушылары балықшыларды сақ болуға шақырады

    Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында балық аулау кезінде алты адам қаза болды. Қайғылы оқиғалар Шемонаиха, Тарбағатай, Күршім аудандары мен Өскемен қаласында тіркелген.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеді.

    Күзгі балық аулау маусымында құтқарушылар тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, жолға шығар алдында ауа райы болжамын біліп, су айдынының жағдайын ескеру қажет. Қатты жел соғып, күн райы бұзылғанда қайықпен суға шығуға болмайды.

    Қайықтың жарамдылығын тексеріп, құтқару жабдықтары мен байланыс құралдарын дайындау да маңызды. Әр адам құтқару кеудешесін киіп, бекіткіштерін тағуы тиіс. Оны қайыққа салып қою жеткіліксіз. Бұдан бөлек, жүзу құралына шамадан тыс жүк тиеуге тыйым салынады.

    Қазір облыста ТЖД қызметкерлері полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп рейдтер өткізіп жүр. Балықшыларға сақтық шараларын түсіндіріп, жадынамалар таратады. Ескертулер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де жарияланады.

    Брифингте шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптары да сөз болды. Мамандар бұл талаптарды бұзғандарға және тыйым салынған жерлерде балық аулағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

    Құтқарушылардың күзде күн райы күрт құбылып, суық суға түскен адам тез тоңып қалуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан балық аулауға барарда ау мен қармақты сайлап қана қоймай, су айдынының қауіпсіз екеніне де көз жеткізу керек деп отыр.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары