
«Одесса» паромы Васильев өткеліндегі навигациялық маусымын аяқтады. Маусымның аяқталуына орай кеме экипажы мен басшылығын Самар ауданының өкілдері құттықтады.
Самар ауданының әкімі атынан және жеке өзі аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Амангелдинов экипажды навигациялық маусымның сәтті аяқталуымен құттықтады.
«Самар ауданының әкімі атынан және жеке өз атымнан «Одесса» паромының бүкіл экипажын навигациялық маусымның сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Еңбектеріңізге, жауапты жұмыстарыңызға және ауданымыздың туристік саласын дамытуға қосқан үлестеріңізге алғыс білдіремін. Баршаңызға амандық, жақсы демалыс және келесі маусымға сәтті дайындық тілеймін», — деді Сұлтан Амангелдинов.
Паром экипажына Самар ауданының Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
«Одесса» паромының директоры Евгений Филиппов өз кезегінде Самар ауданының басшылығына көрсеткен қолдауы және туристерге қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, биыл навигациялық маусымның небәрі бес айға созылғанына қарамастан, жолаушылар ағыны 15%-ға артқан.
«Биылғы маусым қысқа — небәрі бес ай болды. Соған қарамастан жолаушылар ағыны 15%-ға өсті. Бұған бірқатар фактор әсер етті: Самар ауданындағы туристік саланың дамуы, Катонқарағай ауданында, Самар ауданында және Марқакөл өңірінде ірі туристік фестивальдердің өткізілуі, сондай-ақ Васильев өткелі аумағының абаттандырылуы. Турист үшін тек өткелдің болуы ғана емес, кемені қандай жағдайда күтетіні және айналасындағы ортаның қандай екені де маңызды», — деді Евгений Филиппов.
Еске сала кетейік, навигациялық маусымның басында Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов паром басшылығына қажетті қолдау көрсетіп, туристердің кемені жайлы жағдайда күтуі үшін өткел аумағын абаттандыруға уәде берген болатын. Бұл уәде қысқа мерзімде орындалды: мұнда беседкалар орнатылып, жарықтандыру жүргізілді, айлақ сырланып, қоқыс жинауға арналған контейнерлер қойылды. Маусым бойы Сарыбел ауылдық округінің тұрғындары мен әкімдігі тұрақты түрде сенбіліктер өткізіп, аптасына бірнеше рет қоқыс шығарып отырды.
Евгений Филиппов келесі жылы Үлкен Нарын ауданының басшылығы да самарлықтардың үлгісіне сүйеніп, айлақ аумағын абаттандыруға көңіл бөлуі мүмкін екенін атап өтті.
«Менің ойымша, келесі жылы Үлкен Нарын ауданының басшылығы да Самар ауданының үлгісіне сүйеніп, айлақ аумағын абаттандырумен айналысуы мүмкін. Бұл маңызды, себебі навигациялық нысандардың сыртқы келбеті туристердің өңір туралы алған әсеріне тікелей ықпал етеді. Әсіресе қазір бұл өткел туристік маршруттың бір бөлігіне айналып отырған кезде оның маңызы зор. Туристің әсері жолдан бастап, кемені күтетін аумақ пен кеменің өзіне дейінгі барлық детальдан қалыптасады», — деп атап өтті паром директоры.
Навигация аяқталғаннан кейін «Одесса» паромы жөндеуге жіберіледі. Евгений Филипповтың айтуынша, келесі маусымға дейін кеменің сыртқы келбетін жаңартып, техникалық бөлігін жаңғырту жоспарланып отыр.







