1 / 3
Самар ауданының Құлынжон ауылында тұратын Галина Мехнина мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес-идеясын жеке кәсіпке айналдырды. 1,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант иеленген ол үй жағдайында балық және тауық етінен жартылай дайын өнімдер өндіруді қолға алды. Бүгінде оның өнімдеріне сатып алушылар тарапынан сұраныс артып келеді.
Барлығы шағын идея мен өз бетінше еңбек етуге деген талпыныстан басталды. Грант қаражатына Галина 200 тауық пен инкубатор сатып алып, қалған қаржыға екі мұздатқыш камера мен қажетті құрал-жабдықтарды алды. Біртіндеп үй жағдайында шағын өндіріс орнын жабдықтап, өнім дайындауға кірісті.
Қазіргі таңда кәсіпкердің өнім түрлері сан алуан. Галина мұздатылған балық стейктерін, салаттар, тауықтың сан еті мен сирақтарын дайындайды. Дайын өнімдерді фирмалық қаптамаға салып, жергілікті дүкендерге жеткізеді және жәрмеңкелерге қатысады. Сонымен қатар өнімдерді кәсіпкердің өзінен де тікелей сатып алуға болады.
Өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді.
«Тапсырыстар жиі түседі. Өзім ғана жұмыс істеймін. Сұраныс жақсы болған жағдайда бір күнде 100 келіге дейін балық өңдей аламын», – дейді Галина.
Бұл кәсіптің артында үлкен отбасының тарихы да бар. Галина алты баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Үлкен балалары жоғары оқу орындарында білім алуда және қолдарынан келгенше анасына көмектеседі. Олар үй шаруасына араласып, демалыс күндері шағын өндіріс орнындағы жұмыстарға да атсалысады. Осылайша, жаңа кәсіп біртіндеп бүкіл отбасының ортақ ісіне айналып келеді.
Кәсіпкер қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмақ емес. Алдағы жоспарында өнім түрлерін көбейту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа өткізу арналарын жолға қою бар. Ал болашақта Галина ауылда өз өнімдерін сататын жеке балық дүкенін ашуды армандайды.
Сонымен қатар биылғы қыс мезгілінде жұмыртқа мен бройлер тауықтарының ұшаларын сатуды жоспарлап отыр. Ал көктемде өз инкубаторында шығарылған тірі балапандар мен қаз балапандарын саудаға шығармақ.
Галина Мехнина үшін мемлекеттік грант жай ғана қаржылай көмек емес, өз кәсібін бастауға және ауылдық жерде отбасылық бизнесті біртіндеп дамытуға мүмкіндік берген маңызды қолдау болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







