Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, онда сала ардагерлері, мал және егін шаруашылығының мамандары, фермерлер, механизаторлар мен агроөнеркәсіп кешенінің өзге де өкілдеріне құрмет көрсетілді. Олардың күнделікті еңбегі өңірдің дамуына және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Агроқұрылым өкілдері, қала мен ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілері және сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі екенін алға тартты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызда агроөнеркәсіп кешенін дамудың жаңа деңгейіне көтеру міндеті тұр. Ол үшін заманауи технологияларды белсенді енгізіп, еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және қолда бар әлеуетті тиімді пайдалану қажет. Ауыл шаруашылығы тек шикізат өндірумен шектелмей, жоғары технологиялы әрі бәсекеге қабілетті салаға айналуы тиіс.
Ақтөбе облысында бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық мүмкіндік бар. Бүгінде мал және өсімдік шаруашылығы салаларында оң динамика байқалады. Өнім көлемі артып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, мемлекеттік қолдау шаралары кеңейіп келеді. Тек биыл жергілікті бюджеттен саланы субсидиялауға 16,5 млрд теңге бөлінді. Ал 10 айда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 396,1 млрд теңгені құрады.
Бұл жетістіктердің артында сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз тұр. Сала ардагерлеріне, фермерлерге, малшыларға, диқаншыларға, механизаторларға және ауыл шаруашылығының барлық еңбеккерлеріне өңірдің дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс білдіремін. Бірлесе отырып, алдағы уақытта да толағай табыстарға жететінімізге сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.
Бүгінде өңірдің агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 411,4 млрд теңге. Облыста 5 673 агроқұрылым жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 26,5 млн гектарға жетеді.
Мал шаруашылығында да оң өсім бар. Ірі қара мал саны 618,7 мың басқа, жылқы 410,4 мың басқа, қой мен ешкі 1,18 млн басқа дейін өсті.
Биылғы ауыл шаруашылығы науқаны да табысты аяқталды. 2026 жылы егіс алқаптарының көлемі 791,8 мың гектарды құрап, 625 мың тоннаға жуық астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,4 центнер болды. Сонымен қатар алдағы қысқы мал қыстату науқанына 2 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды.
Қол жеткізілген нәтижелер аясында саланың үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараның негізгі бөлігіне айналған салтанатты рәсімде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.
«Құрмет» орденімен Хромтау ауданындағы «Алтын Дән и К» ЖШС директорының орынбасары Ермек Бисенов, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Ойыл ауданындағы «Нұр Асыл» шаруа қожалығының жетекшісі Аманғали Өмірғалиев наградталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Хромтау ауданындағы «Наурыз» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Малсақбаев пен Байғанин ауданындағы «Мұңал» шаруа қожалығының жетекшісі Ғазиз Сауытқа табысталды.
Сондай-ақ бірқатар еңбеккер «Еңбек ардагері» медалімен, «Үздік ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан бөлек, сала өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









