Самар ауданына қарасты Раздольное ауылының тұрғындары жаңа асфальт жолға қуанып отыр. Ауылға кіреберіс жол мен елді мекен ішіндегі көшелерге 40 жылдан астам уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген. Бұған дейін жолдардың барлығы қиыршық тасты болған. Биыл ауылда көптен күткен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді.
Жолдың нашар жағдайы ауыл тұрғындарына көп қиындық туғызған. Әсіресе көктем мен күзде, жаңбырлы күндері жолдың кейбір бөліктері шайылып, шұңқырларға су жиналатын. Соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, ауылға қатынау қолайсыз болатын.
Бұл мәселе ауыл тұрғындарының Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуінде көтерілді. Есептік кездесу барысында тұрғындар жолды жөндеуге көмек көрсетуді сұраған. Тұрғындардың өтініші ескеріліп, биыл жазда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде негізгі жолдан ауылға бұрылатын жерден бастап, елді мекеннің бойымен өтетін 3,5 шақырымнан астам жолға асфальт төселді.
Ауыл тұрғындары көп жылдан бері шешімін күткен мәселенің оң шешілгені үшін облыс және аудан басшылығына алғыстарын білдіруде. Жаңа жол ауылға қатынауды жеңілдетіп, түрлі қызметтердің қолжетімді болуына мүмкіндік берді.
— Облыс және аудан басшылығына бізді қолдап, көптен бері шешілмей келе жатқан жол мәселесін шешуге көмектескені үшін үлкен рақмет! Қазір ауылымыз көркейіп келеді. Енді бізге такси, жедел жәрдем көлігі мен сауда өкілдері де еркін келе алады. Мұндай өзгерістерге өте қуаныштымыз, — дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Телемісов.
Раздольное — Миролюбовка ауылдық округіне қарасты, 190-нан астам тұрғыны бар шағын ауыл. Мұнда мектеп, ауылдық клуб, балалар алаңы және дүкен бар. Бұған дейін жолдың нашарлығына байланысты көтерме сауда өкілдері ауылға баруға құлықсыз болатын. Сондықтан дүкен иелеріне қажетті тауарларды қалаға барып, өз күштерімен сатып алуға тура келетін.
Ауылды дамыту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Миролюбовка ауылдық округінің әкімі Қанат Меткеневтің айтуынша, алдағы уақытта Раздольное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салу және ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін антенна-діңгекті құрылғы (АМҚ) орнату жоспарланып отыр.
190-нан астам тұрғыны бар шағын ауыл үшін бұл — маңызды өзгерістер. Жаңартылған жол тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың одан әрі дамуына да жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







