Бұл мерекелік күні еңбегін тек сандар мен нәтижелермен өлшеу мүмкін емес жандар — күн сайын балаларға білім әлемінің есігін ашып, олардың қабілеттерін дамытуға ықпал етіп, еліміздің болашағын қалыптастырып жүрген ұстаздар қауымы ұлықталды.
Салтанатты іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының Әдістемелік орталығының директоры Сәркен Р.С., Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Анбаев Р.А., аудан әкімінің орынбасары Сапанов Б.А. қатысты.
Мерекелік шараның ерекше бөлігі — педагогтерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі болды. Жоғары кәсіби шеберлігі, білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі, өз ісіне деген адалдығы және педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін ұстаздарға Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және басқа да лайықты марапаттар табысталды.
Аудан педагогтеріне арнап мазмұнды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахна төрінен жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылып, ұстаз еңбегіне деген алғыс пен құрметтің белгісі ретінде музыкалық шығармалар мен шығармашылық қойылымдар ұсынылды.
Бұл мерекелік кеш ұстаздарға ең маңызды сөздерді тағы бір мәрте жеткізуге мүмкіндік берді: балаларға деген мейірімі, қамқорлығы мен сүйіспеншілігі, төзімі мен даналығы, әрбір шәкірттің болашақ жетістігіне негіз болатын білімі үшін алғысымыз шексіз!
Әр ұстаздың әрбір күні шәкірттері мен ата-аналарының құрметі мен алғысына, кәсіби жетістіктерге және өз еңбегінің нәтижесінен қуаныш табуға толы болсын!
Мерекелеріңізбен, құрметті ұстаздар! Ұстаздар күні құтты болсын!









