
Меркі ауданында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт келбеті» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, білім саласының қызметкерлері, ардагер ұстаздар мен шақырылған қонақтар қатысты.
Аудан әкімі ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбектері үшін алғыс білдірді. Ұстаздың шәкірт бойындағы қабілетті танып, оның өзіне деген сенімін қалыптастырудағы орнына тоқталып, аудан педагогтеріне жылы лебізін арнады.
Салтанатты жиында білім саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен ардагерлер мен кәсіби жетістіктерімен ерекшеленген ұстаздар марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің төсбелгілері мен Алғыс хаттары, облыс және аудан әкімдерінің, аудандық мәслихат пен аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік бағдарламада ұстазға деген құрмет шәкірттердің өнерімен өрілді. Өнер және музыка мектептерінің оркестрі өнер көрсетіп, «Балауса» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері «Ұстазға арнау» құттықтауын ұсынды. «Шамшырақ-Ұстаз» әдеби-хореографиялық композициясы сахналанып, «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері «Айгөлек» әнін орындады.
«Үміт» оқушылар сарайының өнерпаздары дәстүрлі әндерден попурри мен би композицияларын тарту етті. Сондай-ақ кеште «Құс жолы», «Мектебім – кемелім» әндері шырқалып, №44 мектеп-гимназия оқушыларының хоры өнер көрсетті.
Ұстаз бен шәкіртті бір арнаға тоғыстырған кеште педагогтердің еңбегіне құрмет көрсетіліп, олардың мерейін өсірген марапаттар мен жүрекжарды құттықтаулар айтылды.









