
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері СОБР жауынгерлерімен және ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, ақша қаражатын бопсалау фактісінің жолын кесті.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қорқыту және күш қолдану арқылы Ақтау қаласының тұрғынынан оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпау үшін 300 мың теңге талап еткен.
1 қазанда жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті талап етілген ақшаның бір бөлігін алғаннан кейін ұсталды.
Жеке тінту кезінде одан арнайы белгі қойылған ақша қаражаты табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.









